Lifestyle

«Мәди in China» көш бастап тұр. Соңғы аптада ең көп касса жинаған фильмдер

«Мәди in China» кассалық кинолар арасында көш бастап тұр / фото: постер Mәди in China

Өткен аптада Қазақстан кинотеатрларында бірнеше жаңа фильм көрермендерге жол тартты. Ticketon мәліметінше, 23 қаңтар күні прокатқа шыққан Рамазан Амантайдың «Мәди in China» фильмі көш бастап тұр.

1. «Мәди in China» — 198 351 647 теңге

Рамазан Амантайдың комедия жанрындағы фильмі соңғы аптада үлкен танымалдыққа ие болды. Оқиға желісі көрермендерді ерекше сюжетімен баурап, фильмнің кассалық табысы 198 миллион теңгеден асты.

Ұлттық университеттің шақыртуымен Қытайдан келген Мәди есімді қандас беделді ғылыми байқауға қатысуға ниеттенеді. Алайда жергілікті студенттер Мәдиге кедергі келтіреді.

Сонымен қатар Мәдиге әкесі жоғалған туысын табуды тапсырады. Іздеу барысында туысының бұрынғы қылмыскер екенін біледі. Мәди өзінің амбициясы мен отбасы алдындағы борышының арасында қиналып, екі түрлі әлемнің арасында өз жолын табуға тырысады. Бұл фильм жас ғалымның тағдырындағы қиындықтарды, моральдық таңдауларын және жаңа елде өзін табу жолындағы күресін суреттейді.

2. «Приключения Паддингтона 3» — 69 181 580 теңге

Британдық сүйкімді аю Паддингтон туралы фильм отбасымен көретін көрермендердің сүйікті таңдауы болды. Фильмнің үшінші бөлімі соңғы аптада 69 181 580 теңге табыс тауып, екінші орынға жайғасты.


3. «Муфаса: Арыстан патша» — 50 547 510 теңге

Disney студиясының анимациялық туындысы көрермендерді бала кезден таныс оқиғамен қуантты. «Арыстан патша» франшизасының бұл жаңа бөлімі прокатта алты аптадан бері сұранысқа ие. Алғашқы аптада 403 млн теңге касса жинаса, соңғы аптада 50 млн теңге жинады.

4. «Janym Qazaqstan» — 33 188 610 теңге

Қазақстандық драмалық фильм соңғы аптада үлкен қызығушылық тудырып, 33 млн теңге табыс тапты. Отандық көрермендер арасында бұл фильмнің сюжеті жоғары бағаланды.

Режиссер Дамир Тастембековтің жаңа комедиялық фильмі Қазақстанның мәдени мұрасы мен табиғи сұлулығын насихаттауға бағытталған ерекше жоба ретінде танылды. Фильмнің сюжеті бойынша Асие есімді бойжеткен Қазақстанға келіп, бір апта ішінде елдің керемет пейзаждарын түсіруді жоспарлайды. Оған Арман есімді жолсерік көмектеседі.

Фильм түсірілімдері Қазақстанның ең әсем туристік орындарын қамтиды. Олардың қатарында Шарын шатқалы, Тянь-Шань тауларының шыңдары, Бозжыра шатқалы және басқа да танымал көрікті жерлер бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық кино орталығы 2025 жылы 10 жаңа қазақстандық фильм прокатқа шығатыны туралы хабарлаған еді.