Мойынты – Қызылжар бағытында жаңа теміржол салынбақ. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның географиялық орналасуы оны Еуразия құрлығының транзиттік орталығы ретінде ерекшелейді. Бұл әлеуетті толық пайдалану үшін елдің көлік-логистика инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай дамыту маңызды. Осы орайда темір жол мен әуе қатынастары саласындағы ауқымды жобаларды іске асыру қажеттігін баса айтты.
Темір жол саласындағы ірі жобалар
Президенттің айтуынша, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін арттыру үшін темір жол дәліздерін кеңейту және жаңғырту маңызды қадам болмақ. Осы мақсатта президент бірнеше тапсырма берді.
- «Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастау.
- Қызылжар – Ақтау портындағы күре жолды жаңғырту.
- «Алтынкөл – Жетіген» темір жолын кеңейту.
Сонымен қатар темір жол тасымалын цифрландыру көлік тораптарын дамыту жобаларын дер кезінде аяқтау қажеттігі ерекше атап өтілді.
Әуе көлігін дамытудағы басымдықтар
Әлемдік әуе жүк тасымалы нарығының жылдық көлемі 140 млрд долларға бағаланғанымен, Қазақстан бұл нарықта өз орнын әлі таба алған жоқ. Президент бұл салада шұғыл әрі батыл шаралар қабылдауды тапсырды:
- Халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымыздың заманауи логистика орталықтарына айналуы елдің транзиттік әлеуетін күшейтеді.
- Авиакеросин бағасын төмендету. Әсіресе, Астана әуежайындағы жанармай құнының жоғары болуы авиацияның дамуына кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселе бірінші жартыжылдықта шешілуі тиіс.
- Жүк және жолаушылар терминалдарын жаңғырту. Заманауи сервистер мен логистикалық экожүйелер құру арқылы тасымал үдерісін жеңілдету жоспарлануда.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасында үшінші темір жол құрылысының басталатынын, екі ел арасындағы жүк тасымалын 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз.