Беларусь президенті Александр Лукашенконы сайлаудағы жеңісімен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады. Бұл туралы Беларусь президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламаға сәйкес, Назарбаев Лукашенконы жеңісімен шын жүректен құттықтап, беларусь халқына ізгі тілектерін жеткізді.
«Нұрсұлтан Назарбаев Александр Лукашенконы шын жүректен құттықтап, беларусь халқына да жылы лебізін білдірді. Өз кезегінде Александр Лукашенко Назарбаевқа жылы сөздері мен тілектері үшін ризашылығын білдірді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар баспасөз қызметі әңгіме тек құттықтаумен шектелмегенін мәлімдеді. Екі тарап жақын арада кездесіп, маңызды мәселелерді талқылау туралы келісімге келген.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Александр Лукашенконы сайлаудағы жеңісімен алғашқылардың бірі болып құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарын талқылаған болатын.
Еске салсақ, 26 қаңтар күні Беларусь президенттік сайлауында Александр Лукашенко 80%-дан астамы дауыс жинап, 7-ші рет президент болып сайланды.