Тоқаев Бозжырада қонақүй салу мәселесіне қатысты пікір білдірді
Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы Бозжыра туристік орнына қатысты пікір білдірді. Президент кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек деп санайды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент туризм саласының тұралап қалғанын, жұмыстардың мардымсыз жүргізіліп, елдің артта қалып бара жатқанына тоқталды.
«Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер», – деді Тоқаев
Президент мұндайда Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері неғұрлым батыл шаралар қабылдауы керек деп санайды. Бұл іскерлік ахуалды жақсарту үшін керек.
«Мен экономикаға инвестиция тарту мәселесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырған жоқпын. Мұның да стратегиялық маңызы зор. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты», – деді президент.