2024 жылы шетелден тартылған инвестиция көлемі 36%-ға төмендеген – Тоқаев

Жарияланды
инвестиции. криптоэкономика
2024 жылы тікелей шетелден тартылған инвестиция 36%-ға төмендеген / Фото: kursiv.media архив

2024 жылы шетелден тартылған инвестиция көлемі 36%-ға төмендеген. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президент Үкіметке инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуді тапсырып, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған шақта, заман ағымынан қалып қалмауға шақырды.

«Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл 2023 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем», – деді президент.

Сонымен бірге инвестиция тарту бойынша Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының қарқыны төмендеп кеткенін айтты.

Айтуынша, жеке инвестиция азайғаны себепті жетпейтін қаражат бюджет есебінен өтеледі. Президент мұндай тәжірибе ұзаққа апрамайтынын айтты. Сол үшін инвесторларға жеңілдік жасау қажет деп санайды. Бұл орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы маңызды екенін атап өтті.

«Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді. Бұл – маңызды сәт. Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет», – деді президент.

Сонымен бірге президент Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылғанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз