Жанар-жағармай бағасы ақпан айынан бастап қымбаттайды. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
Сәтқалиевтің сөзінше, жанар-жағармай бағасын қымбаттату жөніндегі шешім Энергетикалық кеңесте қабылданып қойған.
«Жанар-жағармай бағасын либерализациялау мәселесі тұр. Бағаны өсіру кезең-кезеңімен жүреді. Сұйытылған мұнай газы мен тауарлы газдың бағасын көтеру бойынша арнайы индикаторлар бар. Ең бастысы, Үкімет бағаның нормативтік және әкімшілік бақылау тетіктерін сақтап қалады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы бірден көтерілуіне жол берілмейді», – деді министр.
Десе де, жанар-жағармай мен сұйытылған мұнай газының бағасы осы бір-екі күнде, яғни ақпаннан бастап көтеріле бастайды. Ал тауарлы газ бағасы жазда көтеріледі. Сәтқалиевтің айтуынша, сұйытылған мұнай газының бағасын 54-85 теңге аралығында болған. Енді бағаны 59-90 теңгеден асыру көзделіп отыр.
«Біз бағаның жоғары шегін 64-98 теңге аралығында бекітеміз. Баға осы шекте өңірлер бөлінісіне қарай көтеріледі. Үкімет бағаның бірден көтерілуіне жол бермейтінін тағы ескертіп айтам», – деді Сәтқалиев.
Айта кетейік, жанармай бағасының көтерілетінін Энергетика министрлігі қаңтар айының ортасында хабарлаған болатын. Бағаны көтеру арқылы министрлік сұраныс пен ұсыныс арасындағы нарықтық теңгерімді реттеуді көздеп отыр. Сондай-ақ бұл шара отын тапшылығын алдын алуға және мұнай өңдеу саласын жаңғыртуға оң әсер ететіні айтылған.