Қазақстанда картоп экспортына тыйым салынды
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі үшінші елдерге картоп шығаруға тыйым салынғаны туралы хабарлады. Бұл ереже 2025 жылдың 28 қаңтарынан бастап күшіне енбек.
Министрліктің мәліметінше, көрші елдердің Қазақстанда өндірілген картопқа деген сұранысы күрт артқан. Сондықтан осындай қадамға баруға мәжбүр болып отыр.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстаннан шамамен 605 мың тонна картоп экспортталды. Бұл 2023 жылғы деңгейден 1,5 есе жоғары (411 мың тонна)», – делінген министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Министрліктің дерегінше, картопқа деген сыртқы сұраныс соңғы он жылда рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Бұл жағдай ішкі бағаның өсуіне ықпал еткен.
Осыған орай, 2025 жылғы 18 қаңтарда Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия ішкі нарықты тұрақтандыру, баға өсіміне жол бермеу мақсатында картопты 6 ай мерзімге ел аумағынан әкетуге шектеу қою туралы шешім қабылдаған.
Енді көліктің барлық түрімен шекарадан картоп өткізілмейді. Бұл тыйым тек қана Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жүрмейді.
«ВАК шешімі негізінде «ҚР аумағынан картопты әкетудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 27 қаңтардағы № 26 бұйрығымен картопты көліктің барлық түрлерімен үшінші елдерге әкетуге тыйым салынды», – делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бұл шара картоп бағасының күрт өсуіне және алыпсатарлықтың алдын алады.
Мұның алдында Астана қаласында картоп тапшылығы байқалып, баға шарықтап кеткен еді. Ірі сауда желілері бір адамға бес келіден артық сатпай, шектеу қойған болатын.