Трамп мигранттарға қарсы ауқымды рейд жүргізіп жатыр – Washington Post

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media архивінен

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Нью-Йорк қаласында ауқымды иммиграциялық рейд бастады. Ұсталған мигранттардың көбі депортацияланбақ.

Washington Post басылымының жазуынша, бірінші кезекте қылмыс әлеміне қатысы бар мигранттар нысанаға алынып отыр. Содан кейін АҚШ-қа жақында келген адамдар құқық қорғау органдарының қармағына ілінбек. Алғашқы күндері-ақ ұсталғандардың саны 286-ден 1179-ге дейін жеткен.

«Трамптың иммиграциялық науқанында көп адамды елдеріне қайтаруға әрекет жасалып жатыр. 28 қаңтар күні иммиграция офицерлері мен федералды агенттер әр үшінші тұрғыны шетелде туған қалада рейд жүргізді», – деп жазды бұл ақпарат көзі.  

АҚШ билігі, ең алдымен, бұрын қылмыс жасаған мигранттарды ұстаймыз десе де, рейд барысында заңды статусын дәлелдей алмағандар да қолға түсуі мүмкін. Басылымның болжамынша, бұл шара ірі мегаполистердегі иммигранттар көп тұратын аудандарда шиеленіс тудыруы ықтимал.

2025 жылы 20 қаңтарда Трамп өзінің инаугурациясында төтенше жағдай жариялап, мигранттар ағылып келіп жатқан Мексика шекарасына әскер жіберуге, миллиондаған мигранттарды елден шығаруға уәде берген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз