Чеботарев: Үкімет бюджеттегі тапшылықты жою үшін ҚҚС-ны көтермек
Соңғы үш жылда елімізде ең қызу талқыланған тақырыптың бірі – қосымша құн салығын көтеру (ҚҚС). Бүгін Үкімет отырысында сол мәселенің нүктесі қойылған секілді. Премьер-министр Олжас Бектенов қосымша құн салығын көтеруді ұсынды. Бұл жаңа өзгеріс нені білдіреді? Үкімет салықты неге көтеріп жатыр? Kursiv.Мedia арнайы шолуын ұсынады.
Қосымша құн салығын Назарбаев төмендеткен
Алғашқы мәселе – ҚҚС тіркеу шегінің көтерілуі. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің түсіндіруінше, бұған дейін қаржы айналымы 78 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана ҚҚС төлейтін еді. Енді айналымы 15 млн теңге болатын кәсіпкерлер де ҚҚС төлеуі керек
Қосымша құн салығы – бюджет үшін ең маңызды деп есептелетін жанама салық түрі. Кәсіпкер тауарды сатып алған баға мен оны сатқан баға арасындағы айырмашылыққа салынатын салық.
Тек тіркеу шегі емес бұл салықтың өзі де көтеріледі. Ұлттық экономика министрінің түсіндіруінше, ҚҚС мөлшері бұрын қазіргіден де жоғары 20%-ға дейін жеткен. 2009 жылы сол кездегі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ҚҚС-ны 12%-ға дейін төмендеткен. Бірақ қазіргі Үкімет оны мүлде қате деп бағалайды.
Енді ҚҚС мөлшері қайта көтерілмекші, дегенмен нақты қанша екені белгісіз.
«Үкіметтің шешімін түсінеміз»
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың түсіндіруінше, салықты көтерудегі басты себеп – бюджет тапшылығы.
«Шынымен де бюджетте тапшылық бар. 4,1 трлн теңге. Ешқандай үнемдеу, ешқандай қысқартумен оны жеңіп шыға алмаймыз. Себебі бюджеттің қомақты үлесі – әлеуметтік төлемдер, оны қысқарта салмаймыз. Зейнетақыны немесе мұғалімнің айлығын кесе алмаймыз ғой? Сондықтан бюджетті толтырудың «апатты» әдісі ретінде Үкіметті түсініп тұрмын. Бірақ мәселе – азаматтарға не үшін керек екені нашар түсіндіріледі. Ол жағынан сәтсіз коммуникациялық жұмыс деуге болады. Оны алдын-ала ұзағырақ айтып, түсіндіру керек еді», – дейді сарапшы.
Салық көтеру туралы жаңа өзгерісті бизнес қабылдай қоймайтыны анық. Кейбірі салық көтерілген сайын кәсіп көлеңкеге кетеді деген пікірлер айтады. Бірақ сарапшы Чеботарев қазіргі жағдайдың өзінде-ақ бизнес көлеңкеге кетіп жатыр деп отыр.
«Қазір кез келген мейрамханаға кірсеңіз, бар үшін, кальянхана, шығыс және батыс ас үй үшін бөлек терминал тұрады. Ол әдейі көлеңкеге кетіп, ҚҚС төлеу үшін жасалған. Мен үкіметті қорғамаймын, бірақ болған жағдайды айтып тұрмын», – дейді ол.
Маманның айтуынша, қазір ірі компаниялардың ортаға, орташа кәсіпорындар шағынға бөлініп жатыр. Барлығы да салықтан жалтарудың амалы.
«Ешкім салық төлегенді жақсы көрмейді, бизнес те, адамдар да. Сондықтан бизнес «бәрі жаман, бәрі көлең» деп айқайлап шығатыны анық. Бұл өзгерісті де ешкім қабылдамайды және бізге қажет емес деуі мүмкін», – дейді ол.
Бұған дейін 2023 жылы Үкімет ҚҚС-ны 12%-дан 16%-ға көтеруді ұсынған. Ол кезде Тоқаев оны аса қолдай қойған жоқ еді.
«ҚҚС-ты 12-ден 16%-ға дейін арттыру – панацея емес. ҚҚС-тың өзі реформалауды қажет етеді», – деген еді ол Үкімет отырысында.