Ұлттық Банк несие алатындардың санын азайту үшін қатаң шара қабылдамақ

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
кредит
Ұлттық Банк несие алушылардың санын азайтпақшы / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Халыққа берілетін кредит көлемін азайту мақсатында Ұлттық Банк арнайы шараларды қолға алмақшы. Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл туралы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

Ұлттық Банк басқарма төрағасының сөзінше, халыққа берілетін кредиттер өсімі 24%-ды құрады. Оның ішінде тұтынушылық кредиттер 34,5%-ға өскен.

«Халықтың шамадан тыс берешегін болдырмау үшін қаржы реттеушілері, Үкімет пен парламенттің ортақ бастамасымен заң қабылданды. Мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кредит беруге тыйым салынды. Қарыздарды коллекторларға беруге екі жылға мораторий енгізілді. Тұтынушылық қарыздардың ең жоғарғы сомасы белгіленді. Дегенмен тұтынушылық кредиттердің қарқыны әлі де жоғары», – деп түсіндіреді Тимур Сүлейменов.

Енді сол тұтынушылық кредиттер көлемін азайту үшін реттеуші қосымша шаралар енгізілгені дұрыс деп есептейді.

«Осыған орай биыл Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, биыл жеке тұлғаларды кредиттеу сегментте капиталдың контрициклдық буферін қолдану мәселесін және басқа да шаралар қарастырып жатырмыз», – деді Сүлейменов жиында.

Осыған дейін Бірінші кредиттік бюро 2024 жылдағы кредит нарығына шолуын жариялаған. БКБ мәліметіне сенсек, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, тұтынушы несиелер көлемі 11,7 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде бұл сегмент 22,9%-ға немесе 2,2 трлн теңгеге көбейген.

Сондай-ақ оқыңыз