Бектенов субсидия бизнеске айналып кетті деп мәлімдеді
Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет беретін субсидияның бизнеске айналып кеткеніне наразылық білдірді
«Субсидиялау шығындары барлық салада тоқтаусыз өсіп барады. Оның үстіне олардың нақты әсері есепке алынбайды әрі мемлекеттік органдардың тарапынан бақылау да әлсіз. Субсидия алу кейбір компаниялардың бизнес-моделінің бір бөлігіне айналды», – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Бектеновтің сөзінше, соңғы 3 жылда жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге 770 жобаның сметалық құны қымбаттаған. Ал 18 трлн теңгеден астам сома әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл – республикалық және жергілікті бюджет шығыстарының жартысынан көбіне тең.
«Бұл шығындардың тиімділігіне қатысты үлкен сұрақтар бар. 9 орталық және барлық жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік шығыстардың әкімшілері. Бұл осы шығыстардың бөлшектеніп және оған бақылаудың босаңсып кетуіне алып келеді. Цифрлық құралдардың пайдаланылуымен әлеуметтік мақсаттарға жұмсалатын бюджет қаржысын бақылау күшейтілді», – деді.
Соңғы 5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінген. Оның ішінде ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлікке қатысы жоқ және субсидиялау шарттарына сәйкес келмейтін нысандарға миллиардтаған қаржы бөлген.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов субсидияға қатысты тексеріс нәтижесін мына жерден оқи аласыздар.