Тоқаев Үкіметке екінші АЭС салуға қолайлы орынды анықтауды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысын тездету керек екенін айтып, елде ядролық кластер құру ісін қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ тағы бір АЭС салынатын орынды ұсынуды тапсырды.
«Энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру. Еліміз өзін өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет. Сондықтан алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл – алдыңғы жылдардың көрсеткішінен 2,5 еседей артық меже»,- деді Президент.
Тоқаев көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы стратегиялық бағдар өзгермейтінін атап өтті. Сондай-ақ қолда бар табиғи байлықтар мен мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану қажеттігін еске салды. Мемлекет басшысы Қытай мен Оңтүстік Кореяның көмір стансаларын үлгі етіп, мысалға алды.
«Қытай мен Оңтүстік Кореяда зиянды шығарындылары аз, жаңа буын көмір стансалары табысты жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, кезінде Балқашта көмір электр стансасы салынбай қалды. Соның кесірінен біз мықты қуат көзінен айрылып қалдық. Ал ондай станса бізге қазіргі таңда артық болмайтын еді»,- деп толықтырды мемлекет басшысы.
Президент елде энергия тапшылығы артып келе жатқанын тағы бір мәрте еске салып өтті. Сол себепті АЭС құрылысын барынша жеделдетуді тапсырды.
«Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет»,- деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Парламентке екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде өзіне ұсыныс беруін тапсырды. Сөз соңында Қазақстанға ядролық қуат керек екенін, онсыз мелмлекет келешекте ойдағыдай дамымайтынын атап өтті.