![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/01/7cac4d49-ce70-455c-b21b-abb1fbe45ecd-1024x662.jpg)
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанды мазақ қылатын азаматтарға ескерту жасады. Елді мазақ қылатындар тізіміне шоу-бизнес өкілдері, тіпті депутаттарды да қосып қойды.
Тоқаев, ең алдымен, бірінші басшыларға азаматтарды жеке қабылдау керек екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанға мұқият ойластырылған қоғамдық коммуникация стратегиясы қажеттігін атап өтті.
«Ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілген жағдайда көптеген мәселені, соның ішінде қоғамда дүрбелең тудырған түйткілдерді ушықтырмай шешуге болатын еді. Сондықтан мұқият ойластырылған қоғамдық коммуникация стратегиясы қажет. Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет»,- деді мелмекет басшысы.
Президенттің айтуынша, соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажеттігі дамыған елдерде, тіпті, АҚШ-тың өзінде жиі айтыла бастаған.
«Біз мұндай пайымға әлдеқашан келгенбіз. «Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны, әсіресе, аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны жөн. Бірақ шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс«,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы кейбір азаматтар Қазақстанды мазақ қылуға әуестеніп бара жатқанын айтып, оларға ескерту жасады. Тіпті депутаттардың өзі Қазақстанға небір лақап ат қойып, келемеждеуді шығарғанын айтты.
«Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін-өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе «,- деп ескертті Тоқаев.