Қор нарығына шолу: Трамп Канада мен Мексикаға баж салығын енгізуге дайын

Жарияланды
Фото: shutterstock.

Трамп Канада мен Мексикаға баж салығын енгізуге дайын. Қытайға қатысты шешім де көп күттірмеуі мүмкін. Америкалық Big Tech акциялары қалпына келе бастады. Бірақ бұл жағдай ұзаққа созылмауы мүмкін. ФРЖ ставканы бұрынғы деңгейде қалдыруы ықтимал. Бұл банктер үшін тиімді болмақ. 28 қаңтарға арналған әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.

Америкалық Big Tech акциялары қалпына келе бастады

АҚШ-тың ірі технологиялық компанияларының акциялары Қытайдың DeepSeek арзан әрі тиімді чат-ботының пайда болуы туралы жаңалықтардан кейін құлдыраған болатын. Енді біртіндеп қалпына келе бастады. 28 қаңтарда Nasdaq 2,03%-ға, S&P 500 0,92%-ға, ал Dow 0,31%-ға өсті. Сонымен қатар Nvidia 8%-ға, Microsoft 2,87%-ға қымбаттады.

Алайда нарықтағы тыныштық ұзаққа созылмауы мүмкін деп жазды Bloomberg. Сарапшылар технологиялық секторда «көпіршік» барын әрі оның жарылу қаупі жоғары екенін ескертіп отыр. Сонымен қатар сәрсенбіде ірі технологиялық компаниялардың есеп беру маусымы басталады. Бұл «бұқалар» үшін нағыз сынақ болмақ.

«Дүйсенбі күнгі құлдыраудан кейін нарықтың тұрақтала бастағаны байқалды. Бірақ алдағы уақытта жасанды интеллект секторына инвестиция салу соңғы екі жылдағыдай нәтижелі болмауы мүмкін. Енді инвесторлар жасанды интеллект акцияларын таңдау кезінде мұқият болмақ», – деді Bowersock Capital Partners сарапшысы Эмили Бауэрсок Хилл.

Трамп Канада мен Мексикаға баж салығын енгізуге дайын

Дональд Трамп алдағы сенбіде Канада мен Мексикадан импортталатын тауарларға баж салығын енгізуге ниетті деп хабарлады Investing.com. Сонымен қатар ол Қытайға салынатын баж салығын да осы мерзімге дейін шешуді жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, Трамп 1 ақпанға дейін Канада мен Мексика тауарларына 25%-дық баж салығын енгізуге уәде берген болатын. Аталған елдер АҚШ-қа заңсыз иммиграция мен фентанил есірткісінің контрабандасын тоқтатуға бағытталған шаралар қабылдамаса, шешім күшіне енеді.

Сондай-ақ ол Қытайдан келетін тауарларға 10%-дық баж салығын қарастыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қытай Мексика мен Канада арқылы АҚШ-қа фентанил жеткізіп отыр.

ФРЖ ставканы бұрынғы деңгейде қалдырып, банктерге көмектеседі

Moody’s Ratings агенттігі Федералдық резерв жүйесі негізгі мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдайды деп хабарлады. Бұл қысқа мерзімде банк секторы үшін оң әсер етеді, деп жазды Market Watch.

Қызығы, АҚШ банктері 2025 жылға арналған болжамдарында таза пайыздық кіріс деңгейін арттырған. Бұл олардың да ФРЖ-ның ақша-несие саясатын жұмсартуды уақытша тоқтататынына сенімді екенін көрсетеді. Дегенмен, мөлшерлеменің ұзақ уақыт бойы жоғары болып тұруы несиеге деген сұранысты төмендетуі мүмкін.

«Банктердің болашақтағы кірістілігі коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды жедел шешуге, экономиканың әртүрлі сценарийлеріне бейімделуге мүмкіндік беретін құралдардың болуына және жаңа несиелер беру кезінде тәуекелдерді дұрыс бағалауға байланысты», – дейді Moody’s-тің банк секторы бойынша жетекшісі Крис Стэнли.

Сондай-ақ оқыңыз