Қазақстан өнімді бөлу жөніндегі келісімге кіретін барлық жобаның шарттарын қайта қарайды. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев брифинг барысында мәлім етті.
«Белгілі бір кезеңде Үкімет өнімді бөлу туралы келісімдердің барлық жобасын қайта қарайды. Үкіметте мемлекеттік мүдде тұрғысынан келісімді созу не созбау мәселесі бойынша анық көзқарас болуға тиіс. Сондықтан келіп түскен тапсырмаға сай, барлық жобаны қайта қараймыз»,– деді министр.
Президент пәрмені
Сәтқалиев келіп түскен тапсырма деп президенттің пәрменін айтып отыр. Кеше, 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді мемлекетке анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажеттігін тапсырған.
Қазіргі таңда Қазақстан өнімді бөлу жөніндегі келісімдер аясында Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ мұнай-газ кен орындары бойынша шетелдік компаниялармен жұмыс істеп жатыр. Келісімге сай, Теңіз бойынша шарт 2033 жылы, Қарашығанақ пен Қашаған бойынша шарт 2037 және 2041 жылдары аяқталады.
Келісім мерзімі жақындап қалған «Теңізшевройл» 1993 жылы Қазақстан үкіметі мен «Шеврон» корпорациясы арасында құрылған. Жоба акционерлерінің қатарында «Шеврон» компаниясы (50%), «ҚазМұнайГаз» АҚ (20%), ExxonMobil Kazakhstan Ventures (25%) және «Лукойл» (5%) бар.