Оң рөлді көліктерге шектеу, ресми тіркелу: такси қызметіне қандай өзгерістер енді
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, такси қызметіне байланысты бірқатар өзгеріс енгізілді. KursivMedia ол нендей өзгеріс әрі жүргізушілерге қалай әсер ететінін анықтап көрді.
Не өзгереді деп еді
2024 жылы әкімшілік полиция комитеті жолаушы тасымалына байланысты ірілі-ұсақты бірқатар жаңашылдықтарды таныстырған. Солардың ішінде жүргізушілерді алаңдатқан негізгілері мыналар:
– 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап рөлі оң жақта орналасқан автокөліктер такси қызметін ұсынатын агрегаторлардан өшіріледі;
– Интернет-агрегатордың иелері тапсырыстарды жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген тұлғаларға ғана береді;
Оң рөлді көліктерге қатысты
KursivMedia өзгерістерге байланысты көлік министрлігіне сауал жолдаған. Министрлік жолдаған жауабында жолаушы тасымалын реттейтін «Автомобиль көлігі туралы» Заң 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгенін мәлім етті.
«Аталған заңның 7-бабы 4-тармағына сәйкес, такси қызметін қолдану үшін рөлі оң жақтан басқарылатын, сондай-ақ бүйір есiгi төрт есіктен аз автокөлiк құралдарын пайдалануға тыйым салынады» делінген министрлік жауабында.
KursivMedia-ға пікір білдірген Яндекс қосымшасының серіктесі «Еуразия» таксопаркі мен inDrive агрегаторының серіктесі «Алатау» таксопаркінің өкілі қос қосымшадан да оң рөлді көліктер өшірілгенін әрі қайта тіркелмейтінін растады.
Заңды тасымалдаушы ретінде тіркелу
Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, жүргізушілер пилоттық негізде Яндекс қосымшасында жолаушы тасымалын 3 түрлі жолмен жүзеге асыра алады.
1) Таксопаркке жеке кәсіпкер ретінде тіркелу;
2) Таксопаркпен еңбек шартын жасасып, таксопарк қызметкері атану;
3) Тасымалдаушы ретінде жеке кәсіпкерлік рәсімдеп, Яндекс-пен тікелей жұмыс істеу.
Ешқайда тіркелмей жұмыс істейтін Яндекс жүргізушілері осы үш жолдың бірі арқылы заңды тасымалдаушы атануға тиіс. Өйтпеген жағдайда пилоттық мерзім аяқталғаннан кейін агрегаторлар жеке тасымалдаушыға тапсырыс бермейтін болады.
Оң рөлді көліктердің иесі не істеп жүр
Есімін жасыруды жөн көрген алматылық такси жүргізушісі KursivMedia тілшісіне интернет агрегаторлардан өшірілген рөлі оң жақтағы көлік иелері қазір негізінен қалааралық тасымалға шығып жүргенін айтты. Оның сөзінше, жүргізушілер жолаушыларды whatsapp топтар мен «питак» атанатын арнайы орындар және автовокзалдар маңынан жинайды.
Бұған дейін, ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап InDriver және ЯндексТакси компаниялары оң рөлді және екі есікті автокөлік жүргізушілерімен келісімшартқа отырмайтынын мәлімдеген.