![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/01/shutterstock_1649835484.jpg)
Қазақстан банктері шетелдіктерге банк картасын ашудан бас тартып жатыр. Мәселен «Нұрбанк» техникалық жұмыстарға сілтеме жасап, бейрезиденттерге карта шығаруды тоқтатты.
«ҚР резиденті емес тұлғалар үшін төлем карталарын шығаруды уақытша тоқтата тұрғанымыз туралы хабарлаймыз», – делінген банк ақпаратында.
Карта шығару қашан қайта жанданатыны белгісіз.
Өткен аптада Ресейлік РБК басылымы Kaspi Bank пен Home Credit Bank те шетелдіктерге карта шығаруды тоқтатқанын жазған. frankmedia сайтының хабарлауынша, «Нұрбанкпен» қатар, Еуразиялық банк, Халық банк пен ВТБ Қазақстан да шетелдіктерге банк картасын шығармай жатыр.
ҚНРДА қандай шектеу енгізді?
Қаңтар айының ортасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бейрезидеттерге шығарылатын карта мерзімін шектеген болатын. Енді банктер шетелдіктерге 1 жылға ғана карта шығарып бере алады. Бұл шектеудің кәсіпкерлер, дипломаттар мен инвесторларға қатысы жоқ.
Оған қоса, бұл ереже бұрын шығарылған карталарға жүрмейді. Осылайша реттеуші шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асатын заңсыз қаржы айналымының алдын алмақ.
Сонымен қатар банктер бір банктен 5 карта ашып алғандармен, үш түрлі банктен үш төлем картасына иелік ететіндерді қатаң бақылауы шарт.