
2024 жылы республикалық бюджеттің шығысы кірісінен 3,6 трлн теңгеге асып түскен. Былтыр ел бюджетіне жалпы 20,2 трлн теңге кіріс түседі деп жоспарланғанымен, тек 19,6 трлн теңге ғана кіріс кірген. Жоспар 97%-ға орындалған.
Ал республика бюджетінің шығыны 23,1 трлн теңгені құрайды. 2024 жылы ел бюжетіне 10 шақты рет түзету енгізген Үкімет бюджет шығынын барынша қысқартуға тырысты. Түзетілген бюджет бойынша, шығын 23,5 трлн теңгеге жетуі тиіс болған. Бірқатар шығынды қысқартудың арқасында нақты сомасы 2,31 трлн теңгені құраған.
Салық жоспары орындалды ма?
2024 жылы салық жоспары да толық орындалмады. Былтыр әу баста Үкімет салықтан 15,7 трлн теңге жинаймыз деп үміттенген. Кейіннен жоспарына өзгеріс енгізіп, жиналатын салық көлемін азайтты.
Түзетілген бюджетке сәйкес, 12,7 трлн салық жинау жоспарланған. Нәтижесінде салық жинау жоспары 97,2%-ды құраған.
Мәселен, бюджеттің бастапқы жоспарында 4,8 трлн теңге табыс салығын жинау жоспарланған. Бірақ жоспар 3,6 теңгеге дейін төмендеген. Нәтижесінде 3,6 трлн теңге табыс салығы жиналып, жоспар 97 пайыз орындалды. Корпоративті табыс салығы мен мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, ірі кәсіпкерлік субъектілерінен алынатын корпоративтік табыс салығына қатысты жағдай осындай.
Тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге салынатын iшкi салықтар да жоспардан 1 трлн теңгеге кем түскен. 2024 жылғы бекітілген бюджетте 8,7 трлн салық жинау жоспарланғанымен, түзетілген бюджетте 7 трлн теңгеге дейін азайған. Нәтижесінде тек 6,4 трлн теңге жиналған.
Қосымша құн салығы бюджетке қанша кіріс әкеледі?
2024 жылы қосымша құн салығына да қатысты жоспар орындалмаған. Бастапқы бекітілген бюджетте ҚҚС-тан қазынаға 7,3 трлн теңге түсуі тиіс еді. Ал Үкімет республикалық бюджетті түзегенде оның жоспарын 5,8 трлн теңгеге дейін түсіріп тастады. Нәтижесінде жалпы 5,1 трлн теңге салық жиналып, жоспар 89%-ға орындалды.
Енді Үкімет ҚҚС-тың мөлшерін 12 пайыздан 20 пайызға дейін көтеріп, бюджетті толықтырмақшы. Ұлттық экономика министрі Серік Жұмағарин қосымша құн салығының көтерілуі қазынаға қосымша 6-7 трлн теңге алып келеді деп тұжырымдайды.
Бюджет тапшылығы тереңдеп барады
Үкімет шығынды барынша қысқартуғы тырысқанымен, кіріс мен шығынның арасындағы айырмашылық алшақтап кеткен. Өйткені жыл сайын шығын артқанымен, кіріс көбеймей жатыр. Осының нәтижесінде бюджетте 3,6 трлн теңгеге жуық қаржы жетіспейді. Ал мұнайға қатысты емес тапшылығы 10,8 трлн теңгені құрайды.
Бюджеттегі қаржы тапшылығы былтыр Ұлттық қордың есебінен жабылды. 5,6 трлн теңге трансферт алынса, 700 млдр теңге квазимемлекеттік компаниялардың бағалы қағазы сатып алынды.