Ірі ұлттық жобаларға қажет қаражаттың 50%-ы Ұлттық қордан алынады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Енді ірі ұлттық жобаларға Ұлттық қордан жұмсалатын қаржы көлемі шектелмек. Жобаға қажет қаржының тек 50%-ы Ұлттық қордан алынуы тиіс. Қалғанына жоба акционері не өз қаржысын жұмсауы, не банктерден қарыз алуы қажет. Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық қордан қаржыландыру ережелеріне осындай өзгеріс енгізбек.

«Жобалардың сапасы мен тұрақтылығын арттыру үшін қаржыландыру шарттары өзгерді. Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың үлесі талап етілетін қаражаттың жалпы көлемі 50 %-дан аспайтын болады. Қалған соманы жоба бастамашысының немесе жоба акционерлерінің, екінші деңгейдегі банктердің, халықаралық қаржы ұйымдарының өз қаражаты арқылы қоса қаржыландыру қажет болады», – делінген түсіндірме жазбасында.

Құжатқа сәйкес, Үкімет, Ұлттық банк және Жоғары аудиторлық палата ірі жобаларды міндетті сараптамадан өткізу және талдау механизмін әзірлеген. Бағалау процесі екі негізгі кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде Ұлттық экономика министрлігі жобаларды стратегиялық құжаттар мен елдің басымдықтарына сәйкестігі тұрғысынан бағалайды. Сондай-ақ олардың экономикаға әсерін, оның ішінде ЖІӨ-ге қосатын үлесін, бюджет кірістерін ұлғайту және инвестицияларды арттыру болжамдарын саралайды.

Екінші кезеңде Ұлттық банк, Ұлттық экономика министрлігі және Қаржы министрлігінің мамандарынан құралған сараптамалық топ жобалардың қаржы-экономикалық және техникалық аспектілерін бағалайды.

Ұлттық экономика министрлігі бұл ережелердің қабылдануы Ұлттық қордан қаражат бөлу шарттарын қатайтып, қаражатты жоғары қосылған құны бар жобаларды іске асыруға бағыттауға мүмкіндік беретініне сенімді.

Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылған жалпыұлттық маңызы бар жобалар «Самұрық-Қазына» қорының борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы не балама қаржыландыру көздерін қарастыру арқылы қаржыландырылмақ,

28 қаңтар күнгі Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ірі жобаларды қаржыландыру ережелеріне өзгеріс енгізіп жатқанын мәлімдеді. Өйткені былтыр Үкімет бюджет үшін Ұлттық қордан түрлі тәсілмен 6,3 трлн теңге шығарып алды. Бұл – республикалық бюджет кірісінің үштен біріне тең.

Қазақстандық сарапшылар Ұлттық қордан алынатын нысаналы трансферттер көлемін нақты шектеу керек деп тұжырымдайды. Алайда ҰЭМ-нің жаңа қаулысында нысаналы трансферттердің шекті көлемі көрсетілмеген.

Сондай-ақ оқыңыз