Қытай Жаңа жылы – төрт мың жылдан астам тарихы бар ежелгі мереке. Ол ай күнтізбесіне сәйкес тойланады және әр жылдың басталуы қысқы күн тоқырауынан кейінгі алғашқы жаңа айға байланысты белгіленеді. Сондықтан бұл мейрам көктемнің басталуымен сәйкес келеді және Қытайда Чуньцзе («Көктем мерекесі») деп аталады.
2025 жылы Қытай Жаңа жылы 29 қаңтарда басталып, 12 ақпанда шамдар фестивалімен аяқталады. Бұл елдегі ең басты мейрам болғандықтан, алғашқы жеті күн (29 қаңтар – 4 ақпан) Қытайда ресми түрде демалыс болып жарияланған.
Жаңа жылға байланысты көне аңыз
Қытай мифологиясында Жаңа жылдың шығу тарихы қорқынышты Нянь атты құбыжықпен байланысты. Аңыз бойынша, Нянь жыл сайын ауылдарға түсіп, мал-жанды, астықты жеп, адамдарды алып кететін болған. Бірақ оны үркітудің бір жолы – үйлердің алдына тамақ қою, сондай-ақ қызыл түсті әшекейлер іліп, отшашулар ату. Сол кезден бастап Қытай халқы Жаңа жылды от шашып, үйін қызыл түспен безендіріп қарсы алатын дәстүрді қалыптастырған.
Жыл символы – Жасыл Ағаш Жыланы
Қытай күнтізбесі бойынша әр жыл белгілі бір жануар мен мезгілге сәйкес келеді. Барлығы 12 жануар белгісі бар: тышқан, өгіз, жолбарыс, қоян, айдаһар, жылан және т.б. Сонымен қатар ағаш, от, жер, металл, су сияқты табиғи элементтер әр жануармен үйлесіп, 60 жыл сайын қайталанып отырады.
2024 жыл Жасыл Ағаш Айдаһары жылы болса, 2025 жыл Жасыл Ағаш Жыланы жылы болады. Жылан – даналық пен стратегиялық ойлаудың символы. Бұл жылы ұстамдылық, шыдамдылық және ойластырылған әрекеттер маңызды болмақ.
Қытай Жаңа жылын тойлау дәстүрлері
Қытайда Жаңа жыл – отбасылық мейрам. Бұл күндері адамдар жақындарына барып, дастархан басында жиналады. Үйді қызыл түсті әшекейлермен безендіріп, чуньлянь (жаңа жылдық тілектер жазылған қызыл қағаз жолақтар) іледі. Сондай-ақ отшашулар мен фейерверктер атады.
Қытайдың жаңажылдық дәстүрлерінің бірі – балаларға қызыл конверт (хунбао) ішінде ақша беру. Бұл игілік пен табыс әкеледі деп саналады.
Жаңажылдық мерекенің ең соңында шамдар фестивалі өтеді. Бұл күні аспанға түрлі-түсті шамдар ұшырылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қытайда жаңа жылға байланысты шекарадағы өткізу пунктерін 4 ақпанға дейін жұмыс істемейтіні туралы жазған едік.