Жаңалықтар

Қажылыққа апаратын компанияларға алданып қалмау үшін не істеу керек

Қажылыққа апаратын компанияларға алданып қалмау үшін не істеу керек / фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қажылық пен ұмра – мұсылмандар үшін маңызды діни рәсім. Қазақстандық азаматтар жыл сайын қажылық маусымында және басқа уақытта ұмра қажылығын орындауға аттанады. Бірақ соңғы жылдары қажылық пен ұмра сапарын ұйымдастыратын кейбір турфирмаларға қатысты күмәнді әрекеттер туралы шағымдар көбейіп келеді. Сондықтан қажылыққа апаратын компаниялардың сенімділігін тексеру маңызды.

Қажылыққа барғанда алданып қалмау үшін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мынадай кеңестерді ұстануды ұсынады:

Туроператордың лицензиясын тексеріңіз

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажылық пен ұмра сапарын ұйымдастыратын туроператорларда міндетті түрде мемлекеттік лицензия болуы керек. Лицензиясы жоқ компаниялардың қызметін пайдалану заңсыз және қауіпті.

  • Туроператордан лицензиясының көшірмесін сұраңыз.
  • ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің туризм жөніндегі уәкілетті органының сайтынан ресми туроператорлар тізімін тексеріңіз.
  • Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қажылыққа ресми рұқсаты бар компаниялар тізімін жариялаған. Оны ҚМДБ ресми сайтынан немесе жергілікті мешіттерден сұрауға болады.

Туркод пен қажылық электронды жүйесін тексеріңіз

Қажылық немесе ұмра сапарына тіркелген әр азаматқа арнайы туркод берілуі керек. Туркод – сіздің ресми қажылар тізімінде бар екеніңізді көрсететін арнайы код.

  • Туроператордан ресми туркод сұраңыз.
  • Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігінің электронды жүйесінде тіркелгеніңізге көз жеткізіңіз.
  • Қонақүй, тамақтану, көлік, Мина және Арафаттағы қызметтердің төленгені туралы құжаттарды талап етіңіз.

Турфирма туралы пікірлер мен тәжірибесін тексеріңіз

Қажылыққа баруды ұйымдастыратын компания кемінде 5 жылдық тәжірибесі болуы керек. Жаңа немесе тәжірибесі аз туроператорлар сенімсіз болуы мүмкін.

Турфирма туралы пікірлерді интернеттен, әлеуметтік желілерден және қажылыққа барған адамдардан сұраңыз. Компанияның бұрын қажылыққа апарғанын растайтын құжаттары мен фотоларын тексеріңіз. Егер фирма туралы көп шағым түссе немесе ол жаңа ашылған болса, қызметінен бас тартқаныңыз дұрыс.

Қажылықтың алдында екпе алу қажет па?

2025 жылдың 1 ақпанынан бастап Сауд Арабиясына келетін барлық адамдар, визаның түріне қарамастан, менингококк инфекциясына қарсы екпе салдыруы қажет.

Сауд Арабиясы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл талап қажылыққа келетіндер арасында инфекцияның таралуын болдырмау мақсатындағы алдын алу шараларының бір бөлігі ретінде енгізілді. Қажылардан осы ережелерді сақтауды сұрай отырып, билік азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Еске сала кетейік, 21 қаңтар күні Алматы қаласында халықты қажылыққа апарамыз деп ақша жинап, 180-нен астам адамды алдаған «Жазира travel» компаниясының басшысы қамауға алынған еді.