Жаңалықтар

Депутат жеңіл қылмыс жасаған әйелдерге амнистия жариялауды ұсынды

Әйелдерге амнистия
Қарақат Әбден сотталған әйелдерге қылмысы жеңіл болған жағдайда амнистия жариялауды ұсынды / Фото: Мәжіліс

Ауыл партиясының депутаттары қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысы жоқ болса, әйелдерге амнистия жариялауды ұсынды. Депутат Қарақат Әбден қоғам үшін қауіп төндірмейтін әйелдердің кінәсін кешірген жөн деп санайды.

«Ауыл партиясының  фракциясы  сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынады», – деді депутат.

Айтуынша, мұндай шара өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасайды.

Қазақстанда қанша әйел түрмеде отыр?

Депутаттың келтірген мәліметінше, бүгінгі күні 2336 әйел сотталып, түрмеде отыр. Оның ішінде тең жартысына жуығы аналар. Ал 250-і көпбалалы аналар екен. Яғни 1500-ден астам бала анасыз қалып отыр. Бостандықта жақындары жоқ 100-ге жуық сәби балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр.

«Бұлар жай ғана цифрлар емес — бұл ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы ана жылуынан айырылған сәбилер», – дейді депутат.

Депутат ұсынысы

Фракция депутаттары сотталған әйелдерге мынадай критерийлер бойынша амнистия жариялауды ұсынып отыр:

  • зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;
  • жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;
  • көпбалалы әйелдер;
  • алғаш сотталған әйелдер;
  • жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.

«Ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс жасап, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды»,- дейді депутат.

Айта кетсек, Қазақстан бойынша барлығы 78 түрме бар. Бұл түрмелерде 37 мыңнан астам бас бостандығынан айырылыған адам жазасын өтеп жатыр. Сотты аламдардың шамамен 3 мыңға жуығы әйелдер екені айтылады. Сонымен бірге 50-ден астам кәмелетке толмаған жасөспірім бас бостандығын шектеу мекемелеріне орналастырылған. Сотталғандардың 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Ал 45%-ы қасақана қылмысы үшін жазаға тартылған.