Сағат ауысқалы энергия тұтыну қаншалықты артқанын Энергетика министрі білмей ме
![электр энергиясын тұтыну көлемі қандай?](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/01/hou-1024x576.png)
Мәжіліс депутаттары Энергетика министрін энергия тұтыну көлеміне қатысты сұрақтың астына алды. Депутаттар Алмасадам Сәтқалиевтен уақыт белдеуінің ауысуына халық тұтынатын электр жарығының көлемі артты ма, соны білгісі келді. Бірақ министр нақты сандарды атамады, дегенмен жауапсыз да қалдырмады.
Депутат Ермұрат Бапи Ресейден сатып алынатын электр энергиясы қаншалықты артқанына қатысты сауал қойды.
«Уақыт белдеуінің өзгеруі Ресей федерациясынан сатып алынатын электр энергиясы көлемінің артуына әсер етті ме? Қанша көлемде электр энергиясын сатып алып жатырмыз?», – деп сұрады депутат.
Сәтқалиев тұтыну көлеміне байланысты электр энергиясы сатып алынатынын айтты. Айтуынша, жоспардан тыс ауытқу бар.
«Жоспарлы импорт көлемі 2,6 млрд квт/сағ құрады. Оның ішінде 144 квт/сағ энергияны майнерлер сатып алған. Жоспардан тыс ауытқу 1,9 млрд квт/сағ құрады», – деді министр.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов министрден нақты сұраққа, нақты жауап беруін сұрады. Министр «электр энергиясының көлемі жөнінде нақты жауап бердім» деп сендірді. Сондай-ақ уақыт белдеуінің ауысқаны электр энергиясының артуына еш әсер етпегенін айтты.