Сәтқалиев бензин бағасы қанша теңгеге қымбаттайтынын айтты
Бензин бағасы алдағы бірнеше күнде 5 теңгеге қымбаттайды. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
«Біздің болжамымыз бойынша алғашқыда мұнай өнімдерінің бағасы 5 теңгеден артық көтерілмейді. Көрсеткіштер осы межеде болады деп сенеміз», – деді министр.
Сәтқалиев мемлекеттің мұнай өнімдерінің бағасының күрт көтерілуіне жол бермейтінін, ол үшін мемлекетте барлық тетіктер бар екенін атап өтті. Егер жанармай желілері немесе жекелеген бекеттердің жоғары монополиялық табыс тауып жатқаны белгілі болса, нарық қатысушылары бұл жөнінде бірден хабар алады. Мұндайда министрлік қажетті шаралар қолданады.
Министрдің айтуынша, жанармай бағасы 210 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Көпшілік айтып жүргендей, баға бірден «400 теңгеге көтеріліп кетпейді» деп сендірген ол, бағаларды мемлекет емес, нарық реттейтінін тағы айтты.
«Монополияға қарсы органдар және жергілікті атқарушы органдар мониторинг жүргізіп отырады. Біз жанармай бекеттеріндегі жағдай туралы күнделікті ақпарат алып отырамыз», – деді.
Еске сала кетсек, 28 ақпан күні Сәтқалиев жанар-жағармай өнімдерінің бағасы қымбаттайтынын мәлімдеген болатын. Министр бензин мен дизель отынының, сұйытылған мұнай газының бағасы ақпаннан, тауарлы газ бағасы жазда көтерілетінін жеткізді.