![Жеке тұлғаларға арналған лизинг](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/01/tenge-documents-lizing-mazhilis-1024x576.png)
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалар үшін лизинг енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Respublica партиясының депутаты Олжас Құспековтың айтуынша, қазіргі уақытта елде 80%-дан астам адамның несиесі бар. Оның ішінде 1,5 млн адам несиесін уақытында төлей алмай, кешіктіреді. Сол үшін партия депутаттары дәстүрлі несиелерге балама ретінде лизинг енгізуді ұсынған.
«Физикалық тұлғаларға арналған лизинг Қазақстан азаматтарына жаңа мүмкіндіктер ашады, материалдық игіліктерге қолжетімділікті арттырып, қаржылық сауаттылықты жақсартады. Бұл халықтың қарызға белшесінен батуының алдын алады», — деді Құспеков.
Ал Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева бұл заң жобасында негізінде жеке кәсіпкер, заңды тұлға болып саналмайтын қарапайым адамдарға лизинг беру мүмкіндігі қарастырылатынын айтты. Жеке тұлғаларға авто көлік немесе жылжымайтын мүлікті лизинг көмегімен алуына болады.
«Бұл заң қабылданса, азаматтар қаржы қызметтеріне оңа қол жеткізеді. Халықтың қарыз жүктемесі төмендеп, несие алу көрсеткіштері төмендейді», – деді комитет басшысы.