Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты қызық жайт болып жатыр. Оның жұмысына билік органдары екі түрлі пікір білдіріп отыр.
Айталық, Энергетика министрлігі зауытқа мін тақпаса, монополияға қарсы орган екі бірдей күдік келтірді.
Энергетика министрлігінің тағар айыбы жоқ
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Атырау мұнай өңдеу зауытының басынан неге дау дамай арылмай келе жатыр деген сауалға жауап берді. Министрлік бұл зауыттың жұмысынан ешқандай шикілік көрмейтінін айтады.
«Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бекітілген тәртіппен өнім шығарып жатыр. Министрлік тарапынан мекеменің жұмысына ешқандай ескерту жоқ», – деді министр.
Монополияға қарсы агенттік екі кінәрат тауып отыр
Алайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бүгін бұл зауытқа қатысты тергеп-тексеруді бастады. Агенттіктің хабарлауынша, бұған мұнай өнімдерін өткізу көлемі мен баға қарқынына қатысты талдау түрткі болған. Бір сөзбен айтқанда, зауыт қызметінде монополиялық сипат байқалды деп күдік келтіріп отыр.
«Талдау нәтижесі бойынша, департамент 2021 жылдан 2023 жылға дейін орташа бағаның 31%-ға артқанын, монополиялық баға белгіленіп, нарықтағы үстемдігін теріс мақсатта пайдалану белгілерін анықтады», – делінген агенттіктің хабарламасында.
Алайда бұл мәселе төңірегінде Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі KursivMedia сауалын жауапсыз қалдыруды жөн көрген тәрізді.
Мұның алдында бұл зауытта 30 тоннаға жуық жанармай төгіліп қалғаны туралы жазған едік.