![Путин](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2023/07/putin.jpg)
Ресей парламенті – Мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин америкалық журналист Такер Карлсонның айтқан сөзіне орай осындай түсініктеме берді. Карлсон АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі Владимир Путинді «өлтіруге ұмтылды» деп мәлімдеген болатын.
Қастандықтардың бәрі бір жерден ұйымдастырылған ба?
Коммерсантъ ақпаратына қарағанда, Володин мұны ядролық соғысқа бастайтын тура жол деп атаған.
Мемлекеттік дума төрағасы Словакия премьері Роберт Фицоға, АҚШ президенті Дональд Трампқа және Венгрия премьері Виктор Орбанға жасалған қастандықтарды еске салған. Ол «Путинді өлтіру жөнінде талқылауға баса назар аудару қажет» екенін айтқан. Володиннің пікірінше, бұл қастандықтардың бәрі бір жерден ұйымдастырылуы мүмкін.
«Такер Карлсонның айтқаны жіті тексерілуі керек. Байден пен Блинкен жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бізге Ресей Федерациясына қарсы қатаң күрес жүріп жатқанын түсінуіміз қажет», – деп жазған Дума төрағасы.
Володиннің айтуынша, Такер Карлсонның сөзін Байден мен Блинкеннің осы уақытқа дейін жоққа шығармағаны күдікті қоюландыра түседі.
Америкалық журналист не деді?
Такер Карлсонның сөзіне қарағанда, Джо Байден жетекшілік еткен АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі Ресеймен соғысты «жедел» бастауды көздеген. Олар Ресей президенті Владимир Путинді өлтірмек болған. Дегенмен журналист бұл сөздерін дәлелдейтін бірде-бір дәлел келтірмеген.
Кремльде бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «президенттің қауіпсіздігі лайықты деңгейде қорғалатынын» мәлімдеген.
Мұның алдында Ресей халқының Владимир Путинге деген сенім деңгейі 78,1% болып отырғаны туралы жазғанбыз.