Қазақстанға үш бірдей АЭС не үшін керек

Жарияланды
Курчатов
АЭС қуаты орналасқан өңірге байланысты анықталады/Фото: Ашық дереккөз

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС-терді кім салатыны әлі айқындалмағанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, әлі нақты ұстаным жоқ. Десе де, ол таңдалған төрт вендорлар арасынан консорциумға кіретін компаниялар салатынын тұспалдады.

Министрдің АЭС‑ті кім салатынын әлі білмейді

«Біз прагматикалық жағынан келеміз. Консорциумға қатысушылардың қайсысының ұтымды талап ұсынатынына қараймыз. Екінші стансаны да білікті вендорлардың бірі салатыны анық. Өйткені оларға терең талдау жасалды. Біз солардан болашақ құрылыстың мердігерін көріп отырмыз. АЭС қуаты орналасқан өңірге байланысты анықталады», – деді министр.

Оның айтуынша, желілердің шегі, мүмкіндігі және болашақтағы электр қуатын тұтыну болжамы бар. Осы жайттарды ескеріп, шешім қабылданбақ.

«Қандай ядролық технология қолданылатынын, жабдықтардың құрамын бекітсек, жобалау кезінде де оларға тапсырыс бере аламыз. Бұл құрылыс мерзімін елеулі түрде қысқартады. Техниканы орната отырып, кадрларды қатар әзірлейміз. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Сенімділігін дәлелдеген технологиялар стансаларды жедел салуға жәрдемдеседі», – дейді министр.   

Сарапшы: халықаралық концорциумға Ресей мен Қытай кіреді

Энергетик Әсет Наурызбаевтың болжамынша, халықаралық консорциумға Қытай мен Ресей кіруі ықтимал.

«Батыс компаниялары Қазақстанға басын сұқпайды да. Екі АЭС-ті де Ресей мен Қытай бірігіп салады. Халықаралық консорциум дегеніміз ­- осы. Ресейліктер реакторларды жасағанмен, қалған техникалық бөлігі олардың қолынан келмейді. Ол жағын француздар қолға алып келген еді. Енді Қазақстанда француздардың орнын қытайлар басады», – дейді энергетик.

Әсет Наурызбаевтың пікірінше, АЭС электр энергиясы тұрғындар үшін тым қымбатқа түседі.

«Жалпы, АЭС – өткен ғасырдың технологиясы. Тым қымбат әрі өте қауіпті. АЭС төңірегінде жүргендер ұтқанмен, қарапайым халық ұтылады. Апат болса, табиғаттың қазақтарға тартқан ғажайып сыйы Балқаштан айырылып қаламыз», – дейді энергетик.  

Мұның алдында Олжас Бектенов үшінші Атом электр станциясы салынатын орынды анықтау мақсатында өңірлерді таңдау жұмыстары аяқталып жатқанын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз