«Ақ жол» партиясының төрағасы, депутат Азат Перуашев Қазақстанды «штрафстан» деп атағаны «сәтсіздік» болғанын айтады.
Оның пікірінше, біздің Қазақстаннан басқа отанымыз жоқ. Депутат «мәселе туралы сөз қозғау мен сынның мемге айналуының» аражігі бар екенін, «сөзін басқа адамдардың қалай қабылдайтынын ескермей» қалғанын айтты.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен келісемін. Өз елімізді, өз мемлекетімізді сыйлауымыз керек. Шетелдік инвесторлар мен туристерді не үшін шақырып отырмыз? Елімізді мақтау үшін бе, жамандау үшін бе? Бұл жерде Президенттің сөзі орынды. Өте дұрыс. Әрі қарай да осы жолдан таймауымыз керек», – деді депутат.
Азат Перуашев Парламентте ресми тілді пайдалануға міндетті екенін алға тартты. Бірақ неліктен Қазақстанды «штрафстан» деп атағанын түсіндіріп өтті.
«Мен ол жерде басқаша айттым. Айыппұлдың, жалпы, жауапкершіліктің заңбұзушылық ауыртпашылығына сай болу керек дегенді айтқанмын. Терминді пайдаланғаным дұрыс емес болды. Ол рас. Мойындап отырмын. Сабақ болады. Жаза мен заңбұзушылықтың ауырлығының сәйкестігі болуы қажет деп санаймын» – деді Азат Перуашев.
Кеше, 28 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанды келеке ететіндерді қатаң сынға алды.
Ол өз елін лақап атпен атап, мазақ қылу дұрыс емес екенін, шоу-бизнес өкілдері мен қоғам белсенділерін айтпағанда, оның арасында депутаттар да бар екенін тілге тиек еткен еді.