Шетелдік мемлекеттердің консулдығына Қазақстаннан үлкен жер аумағын ұсыну қалыпты тәжірибе. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев журналистерге осылай деп жауап берді.
Тілшілер шенеунікке Алматыда бос жатқан жер аз екенін ескерсек, «АҚШ консулдығының құрылысы үшін неге үлкен жер аумағын берді» деген сұрақ қойды.
«Бұл – қарапайым тәжірибе. Әрдайым басымдық негізінде жүреді. Шетелдегі біздің елшіліктеріміз де екі жақты келісім аясындағы аумақтарда салынады. Сондықтан Қазақстандағы елшіліктердің бірқатары үлкен аумақта орналасқан. Бұл – қалыпты тәжірибе. Біздің шетелдегі елшіліктеріміз де үлкен аумақта тұр. Бұл жұмыс жағынан өте ыңғайлы және мемлекеттік имидж», – деді Бақаев.
Оның сөзінше, консулдыққа берілген жер учаскесін таңдау қалай жүргізілгені алдағы уақытта белгілі болады.
«Бұл мәселе екіжақты келісім аясында шешіледі. Құжатқа қол қойылды. Ол міндетті түрде ратификациялау процедурасынан өтеді. Ратификациялаған кезде барлық мәліметтері белгілі болады деп ойлаймын», – деді Әлібек Бақаев журналистерге.
Бұған дейін Америка Құрама Штаттары Қазақстаннан 49 жылға жерді жалға алу туралы келісімге қол қойылған. Оның аясында АҚШ Консулдығы мекемесіне үй-жайын салу және пайдалану үшін Алматыдан жер беріледі. Учаске ауданы 70 мың шаршы метрді құрайды.