Кеңес Рақышев компаниясы мұнай-газ секторын дамыту үшін 10 млн доллар қарыз алмақшы
«Fincraft Group» ЖШС Қазақстан қор биржасында «коммерциялық облигациялар» санаты бойынша листингтен өтті. Компания бір жыл ішінде нарыққа бағалы қағаздарын сатылымға шығармақшы деп жазылған қор сайтында.
Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы 28 қаңтарда Fincraft Group компаниясының облигацияларын KASE тізіміне қосу туралы шешім қабылдаған. Бағалы қағаздар бір жылға, 11,00% жылдық мөлшерлемемен шығарылады. Әрбір қағаз құны 100 доллар деп бағаланып отыр. Компания қаражат мұнай-газ секторындағы жобаларды дамыту үшін қажет деп түсіндірді.
«Облигациялар листинг процедурасынан өтті, бір жыл ішінде орналастыру жоспарланған. Нарықтан тартқан қаржы инвестициялық жобалар мен компания дамуына, оның ішінде мұнай-газ секторындағы жобаларға жұмсалады», – деп хабарлайды Fincraft Group баспасөз қызметі.
Кеңес Рақышев өткен жылдың соңынан бастап мұнай-газ саласындағы үлесін көбейтіп жатыр. 2024 жылы 11 желтоқсанда кәсіпкерге тиесілі Fincraft Group Tethys Petroleum Limited-тің акцияларын сатып алып, ондағы үлесін 34,3%-ға жеткізген. Tethys Petroleum – Орталық Азия мен Каспий аймағында мұнай-газ кен орындарын өңдейтін компания.
«Fincraft Group» сондай-ақ «ARK Petroleum» 50%-ына, «Nordland Petroleum Inc» 100%-ына, «Equus Petroleum Limited» 50%-ына және «Beineu Petroleum Limited» 40%-ына иелік етеді.