![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/01/astana-lrt-askar-akhmetulin-1024x576.png)
Парламент депутаты Сергей Пономарев Астанадағы LRT құрылысы өзін ақтайтын жоба деп есептейді. Бұл туралы ол журналистерге берген сұхбатында айтты.
«Астанадағы LRТ өзін ақтайды, әлбетте. Мұрнымыздың астынан әрі қарауымыз керек. 10 жылдан кейін ол өте қажет жол болады. Оны дәл қазір жасау керек, себебі Алматыдағы тәрізді ауадан тұншығамыз», – деді депутат.
Пономарев Астанадағы халық өсімін Алматымен салыстырып, болашақ мәселелердің алдын-алу керек деген пікірде.
«Алматылық конгломерация 8 млн-ға дейін өседі. Жиырма жылдан кейінгі жағдаймен салыстырсақ, қазіргіні (Алматы – ред.) бос қала деуге болады. Астанада да осылай болады, сол үшін де ЛРТ керек», – деді ол.
Астанадағы LRT құрылысы 2017 жылда басталған еді. 2019 жылы жобаға бөлінген қаржы бұғатталып, құрылыс бірнеше рет кейінге шегерілді.
2023 жылы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек бұл жобаға 50 млрд теңге бөлінгенін айтты. Ал биыл 28 қаңтарда қала басшысы құрылыс жазда аяқталып, алғашқы пойыздар күзде жолға шығады деген уәде берді.