Үкімет кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығының (ҚҚС) тіркеу шегін және мөлшерлемесін көтеруді ұсынды. Оған не себеп және салық көтергеннен бюджетке қанша қаржы түседі? Kursiv.Мedia сарапшылардан сұрап көрді.
Үкімет кәсіпкерлер пікірін ескеруі керек
Мемлекет бюджеттегі тапшылықты жауып, қазынаны толтыру үшін қосымша құн салығын көтермекші. Қаржы сарапшысы Салтанат Абаева егер заң қабылданса, табысы төмен адамдардың жағдайы одан әрі төмендей түсетінін айтады.
«Егер бұл ұсыныс қабылданса, Қазақстанда тауарлар мен қызмет бағасы бірден өседі.
Елде «ҚҚС – кедейлерге салық» деп бекер айтпаған. Себебі ҚҚС ең басынан тауар, қызмет бағасына қосылып есептелетін алым. Осы салықты әр тұтынушы өз қалтасынан төлейді. Күнделікті тауарлар мен қызмет қымбаттап жатыр, халық ашулы», – дейді қаржы сарапшысы.
Маманның түсіндіруінше, қосымша құн салығын есептеп, төлеу де өте күрделі. Жаңа салық төлеушілер енді ҚҚС-ны төлеу үшін есепші, бухгалтерлер қызметіне жүгінуі керек. Ол үшін тағы да шығындалуы керек болады.
«Сондықтан менің пікірім, біріншіден, Үкіметтің фискалдық іс-шаралары, әсіресе, салық мөлшерлемелерін арттыруға қатысты бастамалары қоғамда кеңінен талқылануы қажет. Бүгінгі күнде бизнес қауымдастық сынап, наразылығын жеткізді. Мұндай салық саласындағы өзгерістер кенеттен қабылданбауы керек! Кәсіпкерлердің пікірін Үкімет ескеруі тиіс», – дейді Салтанат Абаева.
Кәсіпкерлер палатасының өкілі жаңа Салық кодекс жобасының соңғы нұсқасының қарауға ұсынылмағанын ескертті. Оның сөзінше, мұндай салық реформалары қыска мерзімде экономиканы арттырғанмен, ұзақ уақытта кері әсерін тигізеді.
Қосымша құн салығы көтерілуі инфляцияны да көбейтеді
ВВС Invest сарапшыларының есептеуінше, өткен жылы мемлекеттік бюджеттегі түсімнің 19,7%-ын салық түсімдері құраған. Жалпы 2024 жылы мемлекеттік бюджеттің табысы 27,1 трлн теңге болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,2 трлн теңгеге немесе 8,9%-ға артық.
Агенттік мамандарының талдауынша, 2024 жылы ҚҚС 12% болған кезде бюджетке 5,2 трлн теңге табыс түскен. Егер министрлік ұсынғандай ҚҚС 20%-ға көбейетін болса, қазынаға 8,6 трлн теңге түседі. Бұл жалпы мембюджетке түсетін түсімнің 31,8%-на тең.
Ал кеше Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық реформасының нәтижесінде бюджетке 6-7 трлн теңге түседі деген еді.
Жалпы бюджеттің 50,3%-ы яғни тең жартысы әлеуметтік шығындарға жұмсалады. Ол – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, жалақы мен зейнетақы. Мемлекет әлеуметтік салаға ең көп қаржы бөледі. Тиісінше елдегі бюджет тапшылығы да өсіп жатыр. 2024 жылы 3,6 трлн теңгені құраған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 27,6%-ға артық.
«Үкіметтің ҚҚС-ны 20%-ға көтеру деген ұсынысын бюджет табысын көбейту жағынан ақтауға болады. Бірақ оның бизнес ортаға және тұтынушыларға әсері күмән тудырады. Бір жағынан, әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын алып тастау бизнеске түсетін жүктемені жеңілдетуі керек. Екінші жағынан, ҚҚС өсуінің салдарынан тұтынушыларға баратын да баға да өседі, инфляциялық қысымды күшейтеді. Көрсетілген есепке талдау жасасақ, ҚҚС көтерілсе, инфляция да 4%-ға өсуі мүмкін», – деп жазады BBC Invest сарапшылары.
Жаңа өзгеріс бойынша, тек қосымша құн салығы мөлшері ғана емес ҚҚС тіркеу шегі де өзгермекші. Қазіргі заңнамаға сәйкес қаржы айналымы 78 млн теңгеден асатын бизнес иелері ғана ҚҚС төлейді. Енді Үкімет ұсынысы қабылданса, айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер де қосымша құн салығын төлеуі керек болады.