2025 жылы Ұлттық қордан әр балаға 129 доллардан аударылады

Жарияланды
балалардың шотына
Биыл бұл бағдарламаға 6 921 035 бала қатыспақ./ Фото: shutterstock и freepik

2025 жылы «Ұлттық қор – балаларға» атты ұлттық жобаның аясында Қазақстандағы балаларға 129 АҚШ долларынан бөлінбек. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Kazinform-ға берген сұхбатында, Ұлттық Банк төрағасы былтыр бағдарламаға қатысқан 6, 918 мың бала 100 доллардан алғанын атап өтті.

«Биылғы жылы біз тәуір инвестициялық табыс таптық. Орташа инвестициялық табыстың жартысы балаларға аударылады. Мен бұл жаңалықты қуана бөлісіп жатырмын. Өйткені, менің де балаларым бар. Олар да – осы бағдарламаның қатысушылары»,  – деді Тимур Сүлейменов.

Оның есебіне қарағанда, биыл 6 921 035 бала қатысады. БЖЗҚ нақты санды жақында ғана есептеп шығарыпты. Балаларға 129 АҚШ доллары 32 цент аударылмақ.

Айта кететін жайт, 2024 жылы ақпан айында қазақстандық балаларға Ұлттық қордан алғашқы төлем жасалған. «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жасауға Президент Тоқаев бастама көтерді. Жоба шеңберінде, 18 жасқа дейінгі балалардың жинақ шотына жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы аударылып отырады.  Бұл қаражат тұрғын үй жағдайын жақсартуға және оқу ақысын төлеуге жұмсалмақ.

Биыл 18-ге толғандарға 100,05 АҚШ доллары аударылған. 2023 жылғы 31 желтоқсандағы дерек бойынша, елімізде 18-ге толмаған балалардың жалпы саны 6,9 млн болып отыр.

Бүгінде Ұлттық қорда 58,8 млрд доллар валюталық актив жинақталған. Оның 2024 жылғы инвестициялық табысы 7,5%-ды немесе 4,5 млрд АҚШ доллары болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз