2025 жылы Meta AI виртуалды көмекшісі бәсекелестерін басып озады – Цукерберг

Жарияланды
2025 жылы Meta AI виртуалды көмекшісі бәсекелестерін басып озады / Фото: REUTERS/Manuel Orbegozo

Meta компаниясының бас директоры Марк Цукербергтің айтуынша, 2025 жылы Meta AI виртуалды көмекшісі пайдаланушылар саны бойынша бәсекелестерін басып озады. Ол компанияның тоқсандық есебі жариялағаннан кейін, осындай мәлімдеме жасады. Мұндай оптимизм инвесторларды акция сатып алуға ынталандырып, Meta акцияларының бағасы өсті.

Цукерберг өз стратегиясына сеніп отыр

Төртінші тоқсанның есебі жарияланған соң, Марк Цукерберг Meta-ның жасанды интеллект саласындағы стратегиясына сенетінін айтты.

«2025 жыл жоғары интеллектуалды әрі жеке қажеттілікке бейімделген жасанды интелект көмекшісі 1 млрд-тан астам адамға қолжетімді болатын кезең болады деп есептеймін. Әрі бұл бағытта Meta AI көшбасшы боларына сенемін», – деді Марк Цукерберг.

Қазіргі уақытта Meta AI чатботын ай сайын 700 млн-нан астам адам белсенді түрде пайдаланып отыр.

Meta жасанды интелект инфрақұрылымына жүздеген миллиард доллар жұмсамақ ниетте. Компания үздік технологияларды жетілдіре отырып, салада үстемдік орнатуды көздейді.

«Енді бізде америкалық жетекші компаниялармен мақтанатын, америкалық технологиялардың жеңісін басты орынға қоятын және құндылықтарымыз бен мүддемізді шет елдерде қорғайтын АҚШ әкімшілігі бар», – деді Цукерберг.

Meta акциялары бірден қымбаттады

Цукербергтің мәлімдемесінен кейін инвесторлардың Meta акцияларына деген қызығушылығы артты. Нәтижесінде постмаркетте акция бағасы 2%-дан астам өсім көрсетті. Кейбір сәттерде 4%-дық өсім тіркелгенін де атап өткен жөн.

Бұған дейін компанияның кіріс болжамына нарық ойыншыларының көңілі толмай, Meta акциялары қысымға ұшыраған болатын.

Компания қызметкерлер санын 74 мыңнан асырмақ

Компанияның төртінші тоқсанға арналған қаржылық есебі Уолл-стрит күткен нәтижеден асып түсті.

Meta Platforms табысы 21%-ға артып, 48,39 млрд долларға жетті. LSEG сауалнамасына қатысқан сарапшылар 47,04 млрд доллар болады деп болжаған еді.

Компанияның таза пайдасы 49%-ға өсіп, 20,8 млрд долларды құрады (бір акцияға шаққанда 8,02 доллар). Уолл-стрит сарапшылары 6,77 доллар болады деп күткен болатын.

Күнделікті белсенді пайдаланушылар саны 3,35 млрд адамға жетті. Сарапшылар 3,32 млрд адамды құрайды деп болжаған еді.

Дегенмен, компанияның қазіргі тоқсанға арналған табыс болжамы сарапшылардың орташа бағасынан төмен болып шықты. Meta кірісті 39,5-41,8 млрд доллар деп бағаласа, сарапшылар 41,73 млрд доллар деңгейін ұстанып отыр.

Meta инфрақұрылымды қолдау, қызметтерді монетизациялау, Reality Labs бөлімшесінің дамуы және генеративті ЖИ технологияларын жетілдіру үшін қызметкерлер санын арттыруды жоспарлап отыр. Желтоқсан айының соңына қарай Meta қызметкерлерінің саны 74 000 адамнан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға көп.

Сондай-ақ оқыңыз