АҚШ-тағы ұшақ апаты. Судан 28 адамның мүрдесі шығарылды

Жарияланды
Getty Images

Вашингтондағы Рональд Рейган әуежайында соқтығысып, өзенге құлаған ұшақ пен әскери тікұшақтың 28 жолаушысының мүрдесі судан шығарды, деп хабарлады ВВС.

Колумбия округі өрт сөндіру қызметінің басшысы Джон Доннелли құтқарушылар ұшақтан 27 адамның денесін, тікұшақтан 1 денені шығарғанын айтты.

«Қазіргі уақытта біз құтқару операциясынан қаза тапқандардың денесін іздеуге көшеміз. Өкінішке қарай, апаттан аман қалғандар жоқ деп ойлаймыз», – деді ол баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін Вашингтондағы NBC News4 арнасы судан 30-дан астам мүрде шығарылғанын хабарлаған.

Құтқару жұмысындағы қиындық

Құтқару жұмыстары күннің қараңғы кезі мен төмен температураға байланысты қиын жүріп жатқаны хабарланды. Доннеллидің айтуынша, іздеуге 300-ге жуық құтқарушы жұмылдырылған.

«Негізгі қиындық – апат орнына жету. Күшті жел мен мұз кесектері судың бетінде қозғалысты қиындатып, құтқару жұмыстарын өте қауіпті етуде», – деп түсіндірді ол.

Ұшақ апаты

АҚШ астанасы Вашингтонда PSA Airlines әуе компаниясының CRJ700 жолаушылар ұшағы Sikorsky h-60 тікұшағымен соқтығысып, Рональд Рейган әуежайының жанындағы Потомак өзеніне құлаған. Ұшақ бортында 60 жолаушы мен 4 экипаж мүшесі, ал тікұшақта 3 әскери қызметкер болған.

Соңғы уақытта әлем бойынша ұшақ апаттары жиілеген. Соңғы бір ай көлемінде Қазақстанда, Оңтүстік Кореяда, Бразилияда, Канадада ірі ұшақ апаттары болған.

Сондай-ақ оқыңыз