2024 жылдың қараша айының соңынан бастап Алматыда ескі үйлерді жаңарту бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында 2030 жылға дейін 1930–1980 жылдары салынған 700-ге жуық үй сүріледі деп хабарлады krisha.kz сайты.
Бағдарлама аясында бес жыл ішінде 676 үй немесе 14,5 мың пәтерді сүру жоспарланып отыр.
Бірінші қандай үйлер сүріледі
Жоспарға сай, алдымен каркасты-қамысты екі қабатты үйлер сүріледі. Олардың барлығы дерлік ескі және апатты жағдайда. Сонымен қатар сүрілетін тізімге кейбір панельді үйлер де енуі мүмкін.
Панельді үйлер неге сүрілуі мүмкін
Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Krisha.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында панельді көпқабатты үйлер тек апатты жағдайда деп танылып, сейсмикалық талаптарға сай келмегенде, сүрілуі мүмкін екенін түсіндірген.
«Реновация бағдарламасы аясында панельді үйлерді сүру қарастырылмаған. Бірақ егер ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығы бойынша ғылыми-зерттеу институттарының қорытындысы болса, олар да бұзылуы мүмкін», – деп хабарлаған корпорация.
Сүрілетін үйлердің тұрғындарына қандай таңдау беріледі
Үйлері сүрілетін тұрғындар үш нұсқаның бірін таңдай алады:
- Қаланың кез келген ауданынан бөлме саны жағынан ұқсас жаңа пәтер алу.
- Үйдің орнына салынатын жаңа ғимараттан пәтер алу (құрылыс кезінде уақытша баспана беріледі).
- Өз пәтерін нарықтық бағамен сату.
Бұған дейін, Алматы қаласының аудандарына дербестік беру үрдісі қалай жүріп жатқанына шолу жасағанбыз.