Вице-министр: Байланыс тарифтерінің өсуі қарапайым адам ретінде өзіме де ұнамайды
Сенатта цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбекке мобильдік операторлар тарифі бағасының қымбаттап жатқанына байланысты сұрақ қойылды.
Мән-жайы
Ол журналистердің «вице-министр ретінде тарифтердің қымбаттап жатқанына көңіліңіз тола ма» дегеніне мәселеге екі тараптан қарайтынын айтып жауап қатты.
«Мен вице-министр ретінде емес, қарапайым адам ретінде айтайын. Маған осы елдің азаматы ретінде тарифтердің өсіп жатқаны ұнамайды. Адамдардың тарифтерге байланысты наразылығын түсінемін. Ал вице-министр ретінде операторлардың тарифтерді қымбаттату себебін де түсінемін», – деді Асхат Оразбек.
Нарыққа жаңа оператор кіре ме
Журналистер сондай-ақ министрден бұған дейін айтқан ел нарығына жаңа мобильдік оператор кіруі мүмкін деген мәлімдемесін тарқатып беруді сұрады.
Вице-министр ол кезде ықтималды мүмкіндік туралы ғана айтқанын, әзірге нарыққа төртінші операторды кіргізу туралы нақты жоспар жоқ екенін жеткізді.
Оның сөзінше, қазіргі үш оператор тиімді жұмыс істеп, өзара бәсеке тудырса, онда қосымша бәсеке тудырудың мәні жоқ.
Бұған дейін елдегі үш ұялы операторлар ақпан айының ортасынан бастап мобильдік тарифтерді қымбаттататынын хабарлағанбыз.
Ал өткен жылы депутат Елнұр Бейсенов елдегі оператордың бағасына қатысты сын айтқан. Оның сөзінше, ұялы байланыс операторлары 2023 жылы тарифтерді 57-59%-ға дейін өсірген.