Банк пен қаржы

Қазақстанда заң бұзған бірнеше банкке реттеуші ескерту берді

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Jusan bank пен Bereke Bank-ке ескерту жасап, «Нұрбанкке» айыппұл салған. Бұл банктер бірқатар заңнама талаптарын бұзған.

Нұрбанкке 14,4 млн теңге айыппұл салынды

«Нұрбанкке» реттеуші 14,4 млн теңге айыппұл салған. Оған себеп банк заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы заңға сәйкес қадағаланатын қаржы операциялары туралы ақпаратты ұсынбаған. Мұндай деректерді банк Қаржы мониторингі агенттігіне ұсынуы тиіс болған.

«Қаржылық мониторингке жататын ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операциялар туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі жөніндегі агенттікке бермеді», – делінген хабарламада.

Jusan bank қандай ережені бұзды?

Jusan bank-ке ескертуді реттеуші 24 қаңтар күні берген. Қаржы ұйымы кредиттік бюролар туралы Заңның 19-бабы 2-тармағының талаптарын бұза отырып, кредиттік бюроға қате ақпарат берген.

Ал Bereke Bank-ке жазбаша нұсқама берілген. Нұсқама «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның 45-1 және 46-баптарының талаптарына сәйкес жолданған.

«Республика» қаржылық холдингі не үшін ескерту алды?

Сонымен қатар «Республика» қаржылық холдингі» акционерлік қоғамына да ескерту берген. Ол директорлар кеңесінің шешімі туралы ақпаратты уақтылы орналастырмаған.

Холдинг Еркін Көшкінбаев (83,07%) пен Sucful Investment Trust ЖШС (16,92%) тиесілі.