Мемлекеттік қызметкерлер қызметтік пәтерлерін қалдық кұнымен сатып ала алады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Үкімет мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібіне өзгеріс енгізді. Соған сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер, судьялар, мемлекеттік қызметте немесе бюджеттік ұйымдарда кемінде 10 жыл жұмыс істеген азаматтар өздері тұрып жатқан қызметтік пәтерді қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.

Жекешелендіру кезінде баспана құнын бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Егер пәтердің қалдық құны 15 миллион теңгеден аз болса, ол 10 жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеуге беріледі.

Ал 15 миллион теңгеден жоғары болса, төлем мерзімі 15 жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Азаматтар бастапқы жарна ретінде тұрғынжай құнының кемінде 10 пайызын төлеуі тиіс. Бөліп төлеудің нақты шарттары тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартта көрсетіледі.

Қызметтік тұрғын үйлерді жекешелендіру шарттары кеңейтілді

Жаңа өзгерістерге сәйкес, қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғынжайлар мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын тұлғаларға беріледі.

Сонымен қатар, мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлеріне берілетін тұрғынжайлар да қызметтік тұрғынжай ретінде қарастырылады.

Жекешелендіру құқығын беру талаптары нақтыланды

Егер жұмыс тоқтап қалса, яғни ұйым таратылып, денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан кетіп, зейнетке шықса немесе Конституциялық Сот судьясының өкілеттігі аяқталған жағдайда, бұл азаматтарға жұмыс өтіліне қарамастан, жекешелендіру құқығы беріледі.

Егер қызметтік баспана берілген азамат қайтыс болса, жекешелендіру құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді. Сондай-ақ, мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжайды бес жылдан астам уақыт пайдаланған қандастар мен азаматтар да оны қалдық құны бойынша сатып алу құқығына ие болады.

Әскери қызметшілерге арналған жаңа ережелер

2013 жылғы 1 қаңтарға дейін 10 жылдан астам әскери қызметте болған тұлғалар қызметтік пәтерді белгіленген шарттар негізінде жекешелендіре алады. Ал әскерде 15 жылдан астам қызмет еткен тұлғалар 20 жылдық еңбек өтіліне жеткен кезде тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіруге құқылы.

Коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген пәтерді халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері жекешелендіру құқығына ие болады. Бұл тұрғынжайлар қалдық құны бойынша сатылып алынады.

Бір азамат бір ғана тұрғынжайды жекешелендіре алады

Жаңа қаулыға сәйкес, әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тек бір тұрғынжайды жекешелендіре алады. Алайда, бұған бұрын купондық тетік арқылы жекешелендірілген баспана кірмейді.

Сондай-ақ, отбасы мүшесінің жекешелендірілген пәтердегі үлесі 50 пайыздан аспаса, бұл жаңа тұрғынжайды жекешелендіруге кедергі келтірмейді.

Бұған дейін үкімет мемлекеттен жалға алынған үйлерді жекешелендіруге рұқсат берген.

Сондай-ақ оқыңыз