Шығыс Қазақстан облысында орналасқан «Рахман қайнары» санаторийі толығымен мемлекет меншігіне өтті. Бұл нысан бұрын «Бипэк Авто Қазақстан» компаниялар тобы мен кәсіпкер Анатолий Балушкинге тиесілі болған. Мемлекет иелігіне өткен бүкіл мүліктің жалпы құны 3 млрд теңгеден асқан. «Самұрық-Қазына» қорының сауда алаңында санаторийдің сауд-саттығы аяқталды.
2025 жылдың 29 қаңтарында «Рахман қайнары» санаторийінің мүлкін мемлекеттік органдардың балансына беру процесінің екінші кезеңі аяқталды. Бұл кезеңде мемлекетке құны 1,5 млрд теңгеге бағаланған жылжымалы және жылжымайтын мүлік өтті.
Мемлекет меншігіне қандай дүние-мүлік өтті?
Мемлекет меншігіне өткен ғимараттардың жалпы аумағы 7 мың шаршы метрге жуық. Олардың қатарында 4 және 5 пәтерлі үйлер, темір сарай, ағаш кесу цехы, монша кешені, су сорғы станциясы, дизель және трансформаторлық қосалқы станциялар, сондай-ақ гараждар, бақылау-өткізу пункттері және басқа да қосалқы құрылыстар бар.
Жылжымалы мүліктің арасында 47 тоңазытқыш, 59 диван, 84 айна, 9 кондиционер және 5 қайық бар. Сонымен қатар, үй кинотеатрлары, антенна, түрлі тұрмыстық және кеңсе жиһаздары өтті.
Балушкинге неге іздеу жарияланды?
«Рахман қайнары» шипажайы 2021 жылы жабылған. Оған «Азия Авто – Бипэк Авто» компаниясымен жасалған келісімшарттың бұзылуы себеп болды. Сонымен қатар мемлекет компания дан 174 млрд теңге субсидияны қайтаруды талап етті. Кейінірек компанияның бақылаушы акционері Анатолий Балушкинге іздеу жарияланды.
2024 жылдың тамызында Өскемен қаласында Балушкин мен «Азия Авто» АҚ бас директоры Ерік Сағымбаевқа қатысты сот процесі басталды. Екеуі де Ресейде болғандықтан, сот сырттай өтіп жатыр. Оларғ,а аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған. Анатолия Балушкин қазір Ресей азаматы.
Ал «Бипэк Авто – Азия Авто» заңгерлері компанияның құрдымға кетуіне Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласын кінәлайды. Олардың айтуынша, экс-премьердің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов компанияны рейдерлік жолмен басып алмақ болған.