Қор нарығындағы ең тиімді әрі сенімді акциялар қандай?
Қазіргі кезде қаржы нарығына инвестициялау тек кәсіби мамандардың ісі болудан қалды. Онлайн-брокерлер жұмысын жолға қойып, осы бағыттағы ақпарат артып келе жатқандықтан, көп адам капиталды көбейту мақсатында акция сатып алуға қызығушылық таныта бастады. Бұл ретте ең сенімді және табысты инвестициялық құралдардың бірі – «көгілдір фишкалар». Kursiv.Media тілшісі аталған саланы тереңірек талдап, басқа акциялардан айырмашылығын зерттеп, тәуекелдерді зерделеп көрді.
«Көгілдір фишкалар» дегеніміз не?
«Көгілдір фишкалар» (blue chips) термині покер ойынынан алынған. Аталған ойында көгілдір түсті фишкалар ең қымбат болып саналады. Ал қаржы нарығында ірі, тұрақты және сенімді компаниялардың акцияларын дәл осылай атайды. Олар өз саласының көшбасшылары болып табылады және ұзақ уақыт бойы қомақты табыс әкеледі деген сенім мол.
Мұндай компаниялар әдетте капитализацияға шығып, тұрақты кіріс пен пайда алып келеді. Сонымен қатар институционалды және жеке инвесторлар арасында жоғары сұранысқа ие.
«Көгілдір фишкалардың» ішінде ең танымалы әрі әлемдік нарықтағы беделділері: Apple, Microsoft, Coca-Cola, Johnson & Johnson сияқты халықаралық компаниялар. Мұндай компаниялар Қазақстан нарығында да бар.
Көгілдір фишкалардың басқа акциялардан айырмашылығы:
1. Компания көлемі. «Көгілдір фишкалар» – экономикаға айтарлықтай әсер ететін ең ірі корпорациялар. Ал шағын компаниялардың немесе стартаптардың акциялары айтарлықтай құбылмалы болып келеді.
2. Тұрақтылық. Көгілдір фишкалар екінші және үшінші деңгейдегі акцияларға қарағанда дағдарысқа төзімді келеді.
3. Дивидендтер. Мұндай компаниялар акционерлерге тұрақты және қомақты дивиденд төлейді. Бұл ұзақ мерзімді табысқа ұмтылған инвесторлар үшін тартымды болып келеді.
4. Өтімділік. Бұл акцияларды сатып алу және сату оңай. Себебі оларға әрдайым сұраныс жоғары.
«Көгілдір фишкаларды» анықтаудың жолдары
«Көгілдір фишкаларға» жататын компанияларды анықтау үшін келесі қадамдарды орындауға болады:
Біріншіден, компания капитализациясын бағалаңыз. Әдетте, «көгілдір фишкаларға» нарықтық капитализациясы 10 млрд доллардан асатын компаниялар жатады.
Екіншіден, табысы мен пайдасын талдаңыз. Қаржылық көрсеткіштердің тұрақты өсуі маңызды белгі екені анық.
Үшіншіден, компания тарихын тексеріңіз. Сіз таңдаған компания нарықта ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп, бірнеше дағдарыстан өткен тұрақты әрі беделді ұйым болуы шарт.
Төртіншіден, индекстерді зерттеңіз. S&P 500, Dow Jones немесе KASE сияқты индекстер «көгілдір фишкаларды» қамтиды.
Мұндай құнды қағаздардың артықшылықтары мен кемшіліктері
Артықшылықтары:
• Сенімділік. Көгілдір фишкалар құлдырауға өте сирек ұшырайды.
• Дивидендтер. Компаниялар акция құнынан тыс, акционерлерге тұрақты табыс әкеледі.
• Ашықтық. Мұндай компаниялар қаржылық есептерін көпке жариялап отырады, инвесторлармен ашық жұмыс істейді.
Кемшіліктері:
• Өсу мүмкіндігінің төмендігі. Ірі компаниялардың кейде бұдан да жоғары қарқынмен өсу мүмкіндіктері шектеулі. Сондықтан кірістілік жаңа құрылған компаниялармен салыстырғанда төмен болуы мүмкін.
• Нарыққа тәуелділік. Жаһандық экономикалық дағдарыстар кезінде «көгілдір фишкалар» да құнсыздануы мүмкін.
Көгілдір фишкалардың негізгі қасиеттеріне тоқталсақ. Алдымен, дивидендтердің тұрақты түсіп отыруы. Компаниялар дивиденд төлеуді ғана емес, оларды ұлғайтуды да мақсат етеді. Сонымен қатар, ұзақ мерзімді табыстылық. Бұл акциялар айтарлықтай жылдам өспесе де, капиталдың тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Оған қоса, нарыққа ықпал ету көрсеткіші. «Көгілдір фишкалардың» бағаларының өзгеруі көбінесе бүкіл индекстің жағдайына әсер етеді.
«Көгілдір фишкалардың» табыстылығы
Табыстылығы тәуекелі жоғары активтерге қарағанда төмен болғанымен, олардың басты құндылығы тұрақтылықта. Мысалы, S&P 500 индексінің (АҚШ-тың ірі компанияларын қамтиды) соңғы 20 жылдағы орташа жылдық табыстылығы 8-10% деңгейінде. Ұзақ мерзімді инвесторлар үшін бұл капиталды жоғалту қаупінсіз оны көбейтудің тамаша мүмкіндігі.
Ендеше мұндай акциялардың тізіміне назар аударсақ
Халықаралық көгілдір фишкалар:
• Apple (технология)
• Microsoft (технология)
• Coca-Cola (тұтыну тауарлары)
• Johnson & Johnson (фармацевтика)
• Procter & Gamble (тұтыну тауарлары)
Қазақстандық «көгілдір фишкалар»:
• «ҚазМұнайГаз»
• «Қазақстан темір жолы»
• KAZ Minerals
Сарапшылар бұл копаниялардың акцияларын қаржы нарығының «қауіпсіз аймағы» деп атайды. Олар инвесторларға тұрақтылық, дивидендтер және ұзақ мерзімді өсу мүмкіндігін береді. Дегенмен, тез пайда тапқысы келетіндер үшін бұл құнды қағаздар тиімсіз болуы мүмкін. Мұндай акцияларды портфельге дұрыс қосу жылдар бойы табысты стратегияның негізіне айналуы ықтимал.
Мұндай акциялар, шын мәнінде, тұрақты түрде пайда әкеле ме?
«Көгілдір фишкалар» – бұл «сиқырлы шешім» емес. Олардың бағасы да құлдырауы мүмкін, әсіресе дағдарыстар кезінде. Мысалы:
• 2008 жылғы дағдарыс кезінде дәл осындай құнды қағаздардың көпшілігінің бағасы 30-50%-ға төмендеді.
• 2020 жылғы пандемияда көптеген компаниялардың акциялары уақытша құнсызданды.
Дегенмен, «көгілдір фишкалардың» басты артықшылығы – олардың қалпына келу қабілеті. Тарихи тұрғыдан алғанда, бұл акциялар ұзақ мерзімді перспективада тұрақты өсім мен табыстылық көрсетеді. Сондықтан акцияны таңдау кезінде мақсаттарыңызды анықтап, компанияны талдап, тәуекелдерді бағалау маңызды. Аталған акциялар жылдам пайда табудың кепілі емес. Алайда ұзақ мерзімді инвестиция үшін ең сенімді құралдардың бірі екені анық.
Қазақстандағы ең тиімді «көгілдір фишкалар»
Қазақстан қор нарығында да сенімділік пен тұрақтылық тұрғысынан елеулі «көгілдір фишкалар» бар. Бұл компаниялар ел экономикасының негізгі салаларында жұмыс істейді және ірі, тұрақты бизнесімен ерекшеленеді. Олардың акциялары ұзақ мерзімді инвестиция үшін ең тартымды болып саналады.
Қазақстанның көгілдір фишкалары негізінен мұнай-газ, тау-кен, қаржы және көлік салаларына тиесілі. Freedom Finance Global компаниясының сарапшысы Аңсар Әбуов елдің қор нарығындағы ең тартымды акцияларды атаған еді. Төменде елдегі ең ірі және сенімді компаниялардың тізімі ұсынылған.
Бірінші компания – «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ)
• Негізгі саласы: мұнай-газ.
• Ерекшелігі: Қазақстанның ең ірі мұнай-газ өндірушісі. Компания ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және ішкі, сыртқы нарықтарға тұрақты жеткізілімдермен айналысады.
• Аталған компания акциялары неліктен тиімді? ҚМГ елдің мұнай-газ ресурстарына негізделген, бұл оны тұрақты табысты компания етеді. Бұған қоса ҚМГ квазимемлекеттік компания. Қазақстан мұнай-газ саласындағы негізгі ойыншы. Алайда капиталдандыру деңгейі жағынан «ҚазМұнайГаз» компаниясы кей қаржы ұйымдарынан артта қалып келеді. Мәселен, ҚМГ-да 17,7 млрд доллар капиталдандыру тіркелсе, Kaspi-де 22,4 млрд долларды құрайды. Бұл ретте ҚМГ жылына бір рет дивиденд төлейді. Айта кететіні, аталған компания құнды қағаздарының құны ІРО өткізілген күннен бері өсіп келеді. Аталған жайттарды ескере келе сарапшы аталған компанияны KASE индексіндегі эталонды көгілдір фишкалар қатарына қосып отыр.
Екінші бұл – «Қазақмыс» корпорациясы
• Негізгі саласы: тау-кен өнеркәсібі.
• Ерекшелігі: Қазақстанның мыс өндіретін ең ірі компаниясы, әлемдік нарықтағы ірі ойыншы.
• Аталған компания акциялары неліктен тиімді? Жоғары сұранысқа ие табиғи ресурстарды өндірумен айналысатындықтан тұрақты кіріс пен экспорттық табыс әкеледі. Компания 1930 жылы ашылған. Барлығы Балқаш көлі маңында мыс өндірісінен басталды. Ал 1992 жылы «Жезқазғантүстімет» атауымен АҚ-ға айналған болатын. 2005 жылы қазан айында корпорация Лондон қор биржасына шығарылды. «Қазақмыс» концентратты мыс шығару бойынша дүниежүзінде жиырмасыншы орында (271 мың тонна) тұр. Ал катодты мыс өндірісінен он екінші орында (350 тоннадан асады).
Үшінші – «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ)
• Негізгі саласы: Логистика және көлік.
• Ерекшелігі: Елдің көлік инфрақұрылымын қамтамасыз ететін негізгі компания.
• Аталған компания акциялары неліктен тиімді? Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктері артқан сайын, ҚТЖ-ның табысы да тұрақты түрде өсіп келеді. Мұны да ескерген абзал. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Сондықтан бұл бағыт мұнайдан кейінгі ең үлкен табыс көзі болуы мүмкін. Деректерге сүйенсек, логистика республиканың жалпы ішкі өнімінің 8%-ын құрайды.
Тағы бір тұрақты компания – «Халық Банк»
• Негізгі саласы: қаржы, банк секторы.
• Ерекшелігі: Қазақстандағы ең ірі коммерциялық банк, активтері мен клиенттік базасы бойынша көшбасшы.
• Аталған компания акциялары неліктен тиімді? Депозиттер мен несие портфелінің тұрақты өсуі ұзақ мерзімді кіріс кепілі.
Бесінші – KAZ Minerals
• Сала: тау-кен өндірісі.
• Ерекшелігі: мыс, алтын және басқа да пайдалы қазбаларды өндірумен айналысады.
• Бұл компания акциялары неліктен тиімді? Табиғи ресурстар нарығындағы тұрақты сұраныс компанияның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Топтың акциялары 2021 жылы Лондон мен Қазақстанның қор биржаларында бағаланған еді. Компания Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істеп тұрған үш кеніш пен екі байыту фабрикасына иелік етеді. Бұған қоса Қырғызстандағы «Бозымшақ» мыс кен орнына және тағы үш маңызды жобаны басқарады. Атап айтқанда, «Бозшакөл», «Ақтоғай» және «Көксай» кен орындары бар.
Неліктен қазақстандық «көгілдір фишкалар» тиімді?
Қазақстан экономикасы табиғи ресурстарға негізделген. Қазақстан – пайдалы қазбаларға бай ел. Мұнай, газ, мыс және басқа да ресурстарды өндірумен айналысатын компаниялар ішкі және сыртқы нарықтарда жоғары сұранысқа ие.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдау туралы да ұмытпау керек. Көптеген «көгілдір фишкалар» (мысалы, «ҚазМұнайГаз» және ҚТЖ сынды компаниялар) мемлекеттік қолдауға ие. Бұл олардың қаржылық тұрақтылығын арттырады.
Оған қоса, транзиттік әлеуетті де ескеру керек. Қазақстанның көлік-логистика саласы Еуразияның басты транзиттік дәлізі ретінде дамып келеді. Бұл саладағы көшбасшылар тұрақты кіріс әкелуде.
Сондай-ақ, дивидендтерді де ескеру маңызды. Көптеген ірі компаниялар акционерлеріне тұрақты дивидендтер төлейді. Бұл оларды ұзақ мерзімді инвесторлар үшін тартымды етеді.
Қазақстандық көгілдір фишкаларға инвестициялаудың артықшылықтары неде?
Біріншісі, тұрақтылық. Елдің ірі компаниялары нарықтың өзгерістеріне төзімдірек келеді.
Екіншісі, ұзақ мерзімді өсу. Экономиканың дамуына байланысты олардың құны мен табысы ұлғайып отырады.
Үшіншісі, дивидендтік табыс. Бұл компаниялар тұрақты түрде дивидендтер төлеп, қосымша пайда әкеледі.
Қазақстандық компаниялардың акциялары – елдің экономикасының тірегі болып табылатын сенімді және ұзақ мерзімді инвестиция құралы. Мұндай құнды қағаздарды сатып алу тұрақтылық пен табысқа ұмтылған инвесторлар үшін тамаша шешім болуы мүмкін.