Modern Trading Solutions биржасы Шұбаркөл көмірін туыстары мен таныстарына ғана сатуға рұқсат берген
Modern Trading Solutions тауар биржасының басшылығы Шұбаркөл көмірін тек туыстары мен сенімді тұлғалар арқылы сатуға рұқсат беріп келген. Осылай 2 млрд теңге табыс тапқан. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі жазған.
Істің мәні
«ҚМА «Modern Trading Solutions» тауарлық биржасының заңсыз қызметін тоқтатты. Оның басшылығы биржалық сауданың негізгі қағидаларын бұзып, Шұбаркөл кен орнынан көмірді тек заңсыз материалдық сыйақы төлеген тұлғаларға сатқан. Сонымен қатар «Modern Trading Solutions» тауар биржасының басшылығы 23 брокерлік компанияны туыстары мен сенімді тұлғаларының атына тіркеп, өздерінің жұмысын көмір саудасына тек ұдайы ақшалай сыйақы беретін адамдарды жіберетіндей етіп ұйымдастырған», – делінген хабарламада.
Яғни сауда биржасы көмір сату үшін 23 брокерлік компания құрып, олар көмір саудасына рұқсат берген. Осы әрекеттері арқасында 2 млрд теңге пайда тапқан.
Агенттік ақпаратына сүйенсек, тауар биржасының әрекеті жылыту маусымы кезінде әлеуметтік шиеленістерге әкеліп соққан. Заң бойынша биржа бәсекелестікті сақтап, тұрақты бағамен көмір сатуды қадағалауы қажет болған.
Тексеру жұмыстарынан кейін биржадағы 3 басшыға қатысты тергеу басталып, олардың 2-і қамауға алынса, біреуіне іздеу салынған.
Тауар биржасы туралы
Kompra жүйесінің ақпаратына сүйенсек, Modern Trading Solutions компаниясы Алматыда тіркелген. Алайда оның түпкі құрылтайшысына қатысты ақпарат жасырын. 2023 жылғы аудиторлық есепте биржаның құрылтайшысы ретінде Шыңғыс Тұяқбаев деген азамат көрсетілген.
Биржаның меншікті негізгі капиталы 2023 жылдың соңында 2,437 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 2,355 млрд жарғылық капитал. 2023 жылғы пайда 84,8 млн теңге болған.
Айта кетейік, 1 ақпаннан бастап Қазақстанда электр энергиясы қымбаттайды. Операторлар бағаның өсуін бірнеше себеппен түсіндірген. Олардың қатарында көмір бағасы мен оны тасымалдау құнының артқаны айтылған.