Астананың жаңа ауданында салық басқармасы құрылды
Астанада «Сарайшық» ауданы бойынша жаңа Мемлекеттік кірістер басқармасы (МКБ) құрылды. Бұл туралы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, бұл өзгеріс Алматы ауданының қайта құрылуы аясында жүзеге асырылып, салықтық әкімшілендіруді оңтайландыруға және салық төлеушілерге қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.
«Сарайшық» ауданы бойынша МКБ өз жұмысын ресми түрде бастады. Бұл құрылым 6209 бірегей кодымен белгіленіп, осы ауданға қарасты салық төлеушілерге қызмет көрсетеді.
Жаңа басқарманың мекенжайы өзгеріссіз қалады. Яғни бұрынғы Алматы ауданы бойынша МКБ ғимаратында, Ахмет Жұбанов көшесі, 16 мекенжайында орналасқан.
Бұл өзгерістер салықтық қызмет көрсетудің тиімділігін арттырып, әкімшілік басқаруды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Енді салық төлеушілер жаңа басқарма арқылы өздерінің міндеттемелерін уақытылы және ыңғайлы орындай алады.