Тоқаев Мәскеуде ҰОС жеңісінің 80 жылдығына арналған шеруге қатысады
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесу барысында 2025 жылы Мәскеуде өтетін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға қатысатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізуге үміттенетінін айтты.
Мишустин мен Тоқаевтың кездесуі Ресей Үкімет басшысының Қазақстанға ресми сапары аясында өтті. Кездесу барысында Михаил Мишустин Владимир Путиннің Қазақстан Президентіне жолдаған сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путинге сәлемімді және құрметімді жолдағым келеді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту барысында онымен кездесемін деп үміттенемін. Мен шақыруды үлкен ризашылықпен қабылдадым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда да бұл тарихи күнге арналған арнайы іс-шаралар өтеді.
«Бұл жерде де біз осы маңызды датаға байланысты шараларды жоспарлап отырмыз. Оларды 7 және 8 мамыр күндері өткіземіз. Осыдан кейін Мәскеуге ұшып барып, Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға қатысамын», – деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін 9 мамыр күні жеңіс күніне орай ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңге берілетіні туралы жазған едік.