АҚШ президенті Дональд Трамп Гуантанамо түрмесінің жұмысын кеңейту туралы тапсырма берді. Оның айтуынша, бұл шара заңсыз мигранттарды ұстау үшін қосымша орындар құруға, сондай-ақ АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Трамптың бұл шешімі АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі мен Ішкі қауіпсіздік министрлігіне тапсырма ретінде жолданған. Ақ үй сайтында жарияланған жарлықта түрменің толық жүктелуіне жағдай жасау көзделгені атап көрсетілген.
Гуантанамо түрмесінде заңсыз мигранттар ұстала ма?
Ресми құжатқа сәйкес, бұл қадам «заңсыз келген және қылмыс жасаған шетелдік азаматтарды ұстау үшін қосымша орындар ашуға» арналған. Сонымен қатар бұл шешім АҚШ-тың оңтүстік шекарасындағы көші-қон мәселесін реттеуге және қылмыстық топтармен күресуге бағытталғаны айтылады.
«Бұл меморандум шекарадағы басқыншылықты тоқтату, қылмыстық топтарды жою және ұлттық егемендікті қалпына келтіру үшін жасалды», – делінген құжатта.
Дональд Трамп Гуантанамо түрмесінде 30 000 орын бар екенін және оны заңсыз мигранттар мен аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау үшін қолдану керек деп отыр. Оның мәлімдеуінше, бұл шешім АҚШ-тың қауіпсіздігін күшейтіп, елдегі заңсыз көші-қонға тосқауыл қоюға көмектеседі.
Гуантанамо түрмесінің тарихы
Гуантанамо түрмесі АҚШ-тың Кубадағы әскери-теңіз базасында орналасқан. Ол 2002 жылы президент Джордж Буштың шешімімен ашылып, халықаралық террористерді ұстау орталығы ретінде пайдаланылды.
2003 жылы бұл түрмеде шамамен 700 адам ұсталды. Алайда 2021 жылға қарай олардың саны 39-ға дейін азайды. 2025 жылдың басында АҚШ Қорғаныс министрлігі түрмеде бар болғаны 15 адамның қалғанын мәлімдеді.
Түрмені жабу туралы бастамалар бірнеше рет көтерілгенімен, Гуантанамо әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.
Еске сала кетейік, Қазақстанның AҚШ-тағы елшілігі миграциялық заңнамадағы өзгерістерге байланысты азаматтарға ескерту жариялаған.