USAID бағдарламалары тоқтаса, Қазақстан қандай мүмкіндіктерден айырылуы мүмкін
АҚШ үкіметі шетелдік көмек бағдарламаларын қайта қарау мақсатында Мемлекеттік департамент пен USAID арқылы қаржыландырылатын барлық жобаларды уақытша тоқтатты. Бұл шешім Қазақстандағы денсаулық сақтау, демократия, экономикалық даму және азаматтық қоғамды қолдау салаларында жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларға әсер етуі мүмкін.
Қазақстан қандай көмек алып келді?
АҚШ-тың Шетелдік көмек басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстан USAID бағдарламалары аясында АҚШ-тан 15 277 млн доллар (7,8 млрд теңге) көлемінде қаржылай көмек алды. Бұл қаражат келесі салаларға бөлінді:
- Денсаулық сақтау – 8, 821 млн доллар (4,5 млрд теңге)
- Демократия, адам құқықтары және басқару – 3,78 млн доллар (2 млрд теңге)
- Бағдарламалық қолдау – 1, 387 млн доллар (670 млн теңге)
- Бейбітшілік және қауіпсіздік – 833,1 мың доллар (460 млн теңге)
- Экономикалық даму – 438,2 мың доллар (230 млн теңге)
- Гуманитарлық көмек – 22,92 мың доллар(12 млн теңге)
Қоршаған орта және көпсалалы бағдарламаларға мүлдем қаржы бөлінбеген.
Денсаулық сақтау және пандемияға қарсы жобалар
Қазақстанға бөлінген көмектің басым бөлігі денсаулық сақтау саласына тиесілі. АҚШ Мемлекеттік департаменті мен USAID келесі жобаларды қаржыландырды:
- Жергілікті денсаулық сақтау жүйелерін нығайту (LHSS) – 2,25 млн доллар
- Төтенше азық-түлік көмегі – 1, 42 млн доллар
- АИТВ/ЖИТС-ті бақылау (EpiC) – 1, 34 млн доллар
- Пандемияға қарсы шаралар (Global Health Funding) – 1,19 млн доллар
- Дәрі-дәрмек сапасын жақсарту (PQM+) – 800 мың доллар
- ЮНИСЕФ жобалары – 742 мың доллар
- Індеттерге дайындық (Outbreak Response) – 395 мың доллар
- CDC әкімшілік шығындары – 145 мың доллар
- Анадан балаға АИТВ жұқтырудың алдын алу – 98 мың доллар.
Қазақстанға қандай әсері болуы мүмкін?
АҚШ Мемлекеттік департаменті мен USAID-тің қайта қарауының нәтижесінде кейбір бағдарламалар толық тоқтап немесе қаржыландыру қысқаруы мүмкін. Бұл мына салаларға әсер етуі ықтимал:
1. Денсаулық сақтау:
- АИТВ/ЖИТС-ке қарсы күрес бағдарламалары әлсіреуі мүмкін.
- Дәрі-дәрмек сапасын бақылау жобалары қысқаруы ықтимал.
- Пандемияға қарсы дайындық шаралары әлсіреуі мүмкін.
2. Экономикалық даму: Кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнеске арналған қолдау бағдарламалары шектелуі мүмкін.
3. Азаматтық қоғам: USAID пен Мемлекеттік департамент қаржыландыратын демократияны дамыту және адам құқықтарын қорғау жобалары қысқаруы ықтимал.
4. Білім беру: Фулбрайт, FLEX, Global UGRAD сияқты алмасу бағдарламаларына әсер етуі мүмкін.
АҚШ елшілігінің ресми мәлімдемесі
АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Брюстың айтуынша, барлық бағдарлама олардың тиімділігі мен АҚШ-тың сыртқы саясатына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін қайта қарастырылып жатыр. Елшілік қосымша ақпарат қолжетімді болғанда бөлісетінін мәлімдеді.
«АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Брюстың мәлімдемесінде айтылғандай, біз шетелдік көмек бағдарламаларын олардың тиімділігі мен АҚШ-тың сыртқы саясатына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін мұқият және жан-жақты қайта қарастырып жатырмыз. Мемлекеттік департамент пен USAID салық төлеушілердің қаражатын ұқыпты пайдалануға жауапкершілікпен қарайды. Қосымша ақпарат қолжетімді болғанда, Елшілік оны бөлісетін болады», — делінген ресми жауапта
Қазақстан АҚШ-тың қаржылай көмегі аясында денсаулық сақтау, демократияны дамыту, экономикалық реформалар және азаматтық қоғамды нығайту бағытында көптеген жобаларды жүзеге асырды. АҚШ-тың бағдарламаларды уақытша тоқтатуы бұл салаларға тікелей әсер етуі мүмкін. Алдағы 90 күнде бағдарламалар қайта қаралып, қайсысы жалғасатыны немесе қысқартылатыны белгілі болады.