Сенат ЕАЭО кедендік баж бойынша рубльмен есеп айырысу туралы заңды мақұлдады
Қазақстан енді ЕАЭО кедендік әкелім баждары бойынша рубльмен есеп айырысады. Тиісті заң Сенатта мақұлданды.
Заңға сәйкес, Ресей және Беларусь Республикасымен ЕАЭО бойынша кедендік баж түсімдерінің сомасы рубль валютасында жүргізіледі. Бұл тетік уақытша енгізіліп жатыр.
«Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамада, ұлттық банктер арасында кедендік әкелу баждарын есепке алу және бөлу кезінде туындайтын қарсы міндеттемелерді өтеудің, уақытша балама тәртібін енгізу көзделген. Бұл ретте, кеден баждарының сомаларын одаққа мүше өзге елдердің бюджеттеріне бөлу және есепке алу тетігі өзгерген жоқ», – деді заңды таныстырған сенатор Бекболат Орынбеков.
Сенаторлардың мәлімдеуінше, заң бірінші кезекте санкциялық шектеулер жағдайында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кедендік баждарды әкімшілендіруге жол ашады. Сондай-ақ заңды мақұлдау Қазақстанның республикалық бюджетіне кедендік баждардың үздіксіз аударылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылады.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары ЕАЭО аясындағы кедендік есеп айырысуды рубльмен жүргізу туралы бұл заңды 2024 жылдың желтоқсанында мақұлдаған болатын.