Ресей ішінара фитосанитарлық шектеулерді алды. Қазақстан ЕО-ға астық экспортын арттырмақшы

Жарияланды
Ресей ішінара ет өнімдерінен фитосанитарлық шектеулерді алып тастаған / Фото: shutterstock;

Ресей Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерінен ішінара фитосанитарлық шектеулерді алып тастады. Енді Қазақстан Ресей территориясы арқылы Еуропаға астық тасымалын арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді

«Ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу бойынша Ресей федерациясымен серіктестігіміз нығая түсті. Екі тарап жеткізілімдер бойынша шектеулерді алып тастау жөніндегі өзара келісімге келді. Солайша бізге ет бойынша Ресей нарығы ашылып отыр. Бұл бұл ауылшаруашылық тауарларына өндіретін шаруаларға үлкен қолдау болады. Кәсіпкерлер өз өнімдерін Ресей федерациясының аумағына жеткізе алады», – деді министрлік өкілі.
 

Сонымен бірге вице-министр Қазақстанның Ресей Федерациясының аумағы арқылы Еуропа елдеріне бидай мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді. Қазіргі таңда екі ел тұқым өндірісіне қатысты жобаларды жүзеге асыруға келіскен. Бұдан соң, Қазақстан Ресей территориясы арқылы астықты Еуропа нарығына шығаратын болады.

Айта кетсек, бұған дейін Ресей тарапы Қазақстандағы эпизоотиялық жағдайға байланысты ет өнімдерін кіргізуге шектеу қойған болатын. министрлік қазіргі таңда барлық шектеулерді алып тастау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.

«Бүгінгі таңда ресейлік әріптестерімізбен келісімге келіп, оңтүстік және шығыс-оңтүстік аймақтарынан ол шектеуді алып тастадық. Қазір жалпы Қазақстан аумағы бойынша шектеулер алып тастау мәселесін қарастырып жатырмыз»,- деді Азат Сұлтанов.

Еске сала кетсек, Ресей Қазақстанның кейбір ауылшаруашылық өнімдерін өз территориясына кіргізуге шектеу енгізген болатын. 2024 жылдың қазан айында «Россельхознадзор» АШМ-ге Қазақстаннан жеткізілетін астық, қызанақ, бұрыш және күнбағыс тұқымдарына фитосанитарлық сертификат беруді тоқтататынын айтып, хабарлама жолдаған.

Сондай-ақ оқыңыз