Ұлттық банк цифрлық теңге мен криптовалютаға қатысты заң жобасын әзірлейді. Реттеуші оны көпшілікке 2025 жылдың тамыз айында ұсынады. Бұл туралы Сенат кулуарында Ұлттық банк төрағасының оранбасары Берік Шолпанқұлов айтты.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп бергенде, цифрлық теңге негізінде цифрлық активтер әзірлеуге дайын екенін жеткізген. Журналист Ұлттық банк өкілінен осы мәселе бойынша қандай шаралар ұйымдастырылатынын сұрады.
«Біз бұл орайда не істей алатынымызды бағамдап алдық. Қаржы нарығының қатысушыларымен кездестік. Қазіргі таңда олардан ұсыныс күтіп отырмыз. Бәрін сүзгіден өткіземіз. Барлығын бағамдап болған соң, арнайы заңнамалық құжаттарды әзірлейміз. Заң жобасын тамыз айында ұсынамыз», – деді Шолпанқұлов.
Банк өкілі цифрлық активтерге қарапайым адамдар қол жеткізе алатындай жағдай жасалатынын айтты. Десе де, Шолпанқұлов криптоактивтер төлем құралы ретінде пайдаланылмайтынын, олардың инвестициялық құрал ретінде шығарылатынын атап өтті. Сол себепті бұл цифрлық активтер теңге валютасына теріс әсер етпейді.
«Біз Қазақстан аумағында реттелетін цифрлық активтерді іске қосамыз», – деді ол.
Ұлттық банк мәліметінше, 1,5 млн қазақстандық шетелдік криптобиржаларда отыр. Салдарынан олар хакерлік шабуылдарға, алаяқтық схемаларға және жалған активтерге тап болады. Сол үшін Қазақстан криптонарықты реттеуге кірісті.